Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған тиісті Жарлықты Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов Қазақстан Республикасының Энергетика министрі лауазымына тағайындалды", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Ерлан Ақкенженов 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. "Әділет" жоғары құқық мектебін "Заңгер-құқықтанушы", "Астана" университетін "Мұнай-газ ісі" мамандығы бойынша бітірген. 2025 жылы И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде "Іскерлік әкімшілендіру шебері (MBA) – Энергетикалық бизнесті басқару" бағдарламасы бойынша кәсіби қайта даярлау дипломын алған.
Еңбек жолын 2002 жылы Астанадағы "ҚазМұнайГаз" сауда үйі" ЖШС-де бастады. Аталған компанияда бас маман, кейін бас менеджер қызметін атқарды.
2004 жылы компанияның Мұнай және мұнай өнімдерін экспорттау департаментін басқарды. Сол жылдың шілдесінде "Қылыш" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға барып, 2006 жылғы ақпанға дейін Chevron Texaco Global Trading компаниясында шикі мұнай трейдері болып жұмыс істеді.
2006 жылы KazMunaiGaz Singapore компаниясының директоры қызметін атқарды. Кейін Астанаға оралып, "ҚазМұнайГаз" сауда үйі" АҚ Мұнай және мұнай өнімдерін экспорттау департаментіне қайтадан басшылық етті.
2008-2010 жылдары "Қазақойл Ақтөбе" ЖШС коммерциялық директоры болды.
2011-2012 жылдары "ҚазМұнайГаз" компаниясының құрылымдарында басшылық қызметтер атқарды. Атап айтқанда, "ҚазМұнайГаз Өнімдері" АҚ бас директорының кеңесшісі және "ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг" АҚ Мұнай және мұнай өнімдерін экспорттау департаментінің директоры болды.
2013-2014 жылдары Rompetrol Bulgaria компаниясы бас директорының орынбасары, кейін бас директоры қызметін атқарды. 2014 жылғы мамырда Румыниядағы KMG International (Rompetrol) компаниясының мұнай және мұнай өнімдері трейдингі жөніндегі бас директоры болды.
2015 жылы компанияның бөлшек сауда бағытын басқарды. 2015-2016 жылдары KMG International бас директорының кеңесшісі қызметін атқарды.
2016 жылғы қыркүйектен 2020 жылғы наурызға дейін мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеу және тасымалдау саласындағы жекеменшік компанияларда жұмыс істеді.
2022 жылғы шілдеде "ҚазМұнайГаз" жүйесіне қайта оралып, Мұнай өнімдері маркетингі басқармасын басқарды.
2023 жылғы 21 маусымда Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі болып тағайындалды.
2025 жылғы 19 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Энергетика министрі болып тағайындалды.