Мәслихат депутаттарын сайлау-2026: дауыс беру бюллетеньдері қандай болады

Фото: Zakon.kz
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов 2026 жылғы 2 қарашада ведомствода өткен брифингте мәслихат депутаттарын сайлау кезінде қолданылатын бюллетеньдердің қалай рәсімделетінін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Азамат Айманақұмовтың айтуынша, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы өз құзыреті шегінде мәслихат депутаттарын сайлауға арналған бюллетеньдердің нысанын, оларды дайындау тәртібін және қорғалу деңгейін белгілейді.

"Барлық бюллетень А5 форматында жасалады. Әртүрлі деңгейдегі мәслихаттарға арналған бюллетеньдердің түсі де әртүрлі болады. Атап айтқанда, Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалаларда партиялық тізімдер бойынша депутаттарды сайлауға арналған бюллетеньдер көгілдір түсті, ал бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдер жасыл түсті болады. Бюллетеньнің бір бетінде Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы мен сайлау бюллетенінің атауы орналастырылады. Екінші бетінде бірінші бюллетеньде жеребе арқылы белгіленген тәртіппен саяси партиялардың атауы, ал екіншісінде тіркелген барлық кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты мемлекеттік тілде әліпби ретімен көрсетіледі. Екі бюллетеньде де "Барлығына қарсы" деген жол және белгі қоюға арналған орын болады", – деді ол.

Оның сөзінше, бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлауға арналған екіжақты бюллетень күлгін түсті болады. Ал бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша аудан мәслихаттарының депутаттарын сайлауға арналған бюллетень қызғылт сары түсті болады.

"Сайлау бюллетеньдерінің бір бетінде Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы мен бюллетеньнің атауы орналастырылады. Екінші бетінде мемлекеттік тілде әліпби ретімен тіркелген барлық кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты, "Барлығына қарсы" деген жол, сондай-ақ белгі қоюға арналған орындар көрсетіледі", – деп атап өтті спикер.

Айта кетейік, сайлау бюллетеньдері мемлекеттік және орыс тілдерінде басып шығарылады. Олардың саны сайлау округіндегі сайлаушылар санына тең болады, оған қоса жалпы санның 1 пайызы мөлшерінде резерв қарастырылады.

Бюллетеньдер учаскелік сайлау комиссияларына сайлауға дейін үш күннен ерте емес және бір күннен кешіктірілмей жеткізіледі. Бұл ретте әр сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы мөлшерінде резерв ескеріледі.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Қар жауып, үсік жүреді". Еліміз бойынша 2 қарашаға арналған ауа райы болжамы

"Тұман түсіп, көктайғақ болады". Дүйсенбіде еліміздің 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Жезқазғанда өрт кезінде төрт адам арнайы құтқару қалпақтарының көмегімен құтқарылды

Астана көгінде әскери ұшақтар жаттығу жүргізетін болады

Ақтауда ер адам баласын ауруханаға жатқызудан бас тартқан дәрігердің жағасынан алды