18 заң қабылданды, тағы 38 заң жобасы қаралып жатыр: Тоқаевқа Құрылтай жұмысының қорытындысы таныстырылды

Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 2026 жылғы 23 қарашада, Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Айбек Дәдебай Мемлекет басшысына Құрылтай жұмысының аралық қорытындысы мен "Әділет" партиясының қызметі туралы баяндады.

Құрылтай төрағасының айтуынша, депутаттар 18 заң қабылдаған. Қазір тағы 38 заң жобасы қаралып жатыр.

Айбек Дәдебай Президенттің Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында және Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндеттерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Қазір жаңа Азаматтық кодекс әзірленіп жатыр. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау және өзге де әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша бастамалар пысықталуда.

Сондай-ақ 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қабылданғаны айтылды. Депутаттардың бастамасымен бюджетте өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосымша 47 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат жылумен, электр энергиясымен, газбен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.

Мемлекет басшысына қабылданған заңдардың орындалуына парламенттік бақылауды күшейту шаралары да таныстырылды. Атап айтқанда, заңнаманы қолдану тәжірибесінің тиімділігін және қабылданған шешімдердің нәтижелерін бағалауды көздейтін заңнама мониторингінің қағидалары бекітілді. Заң жобаларын талдау, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау үшін e-Quryltai жүйесі мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмысы жалғасып жатыр.

Кездесуде Құрылтайдың қоғамдық қабылдау бөлмесі мен e-Otinish жүйесі арқылы халықпен кері байланысты нығайту мүмкіндіктері талқыланды. Азаматтар көтерген мәселелер заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеріледі. Сессия басталғалы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша барлығы 111 депутаттық сауал жолданған.

Айбек Дәдебай сарапшылар қауымдастығымен, қоғамдық ұйымдармен, өңірлермен және халықаралық әріптестермен диалог кеңейіп келе жатқанын айтты. Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастық орнатылды. Женевада Парламентаралық одақ алаңында AI-Quryltai жасанды интеллект платформасы таныстырылды.

Мемлекет басшысына "Әділет" партиясының қызметі туралы да мәлімет берілді.

Партия Үкіметпен бірлесіп, 303 іс-шараны қамтитын 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі жол картасының жобасын әзірледі. Осы іс-шаралардың орындалу барысын бақылау үшін цифрлық құралдар енгізіліп жатыр.

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 14 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 8,3 мыңнан астамы бойынша оң шешім қабылданған. Партиялық бақылау аясында 300-ге жуық әлеуметтік инфрақұрылым нысаны тексеріліп, анықталған бұзушылықтардың 80%-ға жуығы жойылған. "Қарызсыз қоғам" жобасы аясында 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілген.

Партияда сайлаушылардың аманаттары мен тапсырмалардың орындалу барысын қадағалауға мүмкіндік беретін "Әділет.365" цифрлық жүйесі енгізілді.

Кездесу соңында алдағы заң шығару және партия жұмысының басым бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға, сайлау алдында алған міндеттемелерді жүзеге асыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға баса назар аударылды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобы туралы" өкімге қол қойған еді.

Қазақстан
Айбек Дәдебаев
Астана
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады". Дүйсенбіде еліміздің 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Азаматтардың өтініші көбейді: Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер нені талқылады

Жаңа тарихи белеске қадам басу: Қазақстанда стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобы құрылды

Алматыда Сайран көлі маңынан қару мен патрондар табылды – полиция тексеруді бастады

Атырауда отыз отбасы "Отбасы банктен" баспаналы болды