Ұлттық құрама футболшыларын елі қалай қарсы алды

Словениямен матчтан оралған футболшыларды Н.Назарбаев халықаралық әуежайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әуежайда футболшыларды туған-туыстары, достарымен бірге туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қарсы алды, деп жазды ҚР Туризм және спорт министрлігінің Telegram арнасы.

"Сіздер бүкіл қазақ халқына, тіпті футболдан, жалпы спорттан алыс жандарға естен кетпес ерекше әсер, эмоция сыйладыңыздар. Өз ойындарыңыз арқылы жанкүйерлердің отандық футболға деген сенімін қайтарып, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтердіңіздер. Кеше түнде бүкіл ел ұйықтамай, сіздер үшін теледидар алдында тақым қысып, жанкүйер болды. Сіздер бұл додада үлкен ерлік жасап, қазақ халқын бір мақсат аясына ұйыстыра алдыңыздар. Бұл ерліктеріңіз көпке үлгі, мыңдаған жас бала сіздер сияқты болуды, болашақта ұлттық құрама сапында ойнауды армандайды. Қазақ халқына үлкен қуаныш сыйлағандарыңызға көп рахмет, жігіттер!".Ермек Маржықпаев

Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Футболшыларды қарсы алуға жанкүйерлер де ерекше дайындықпен келіпті.

Олар жігіттерге жігер беретін сөздер жазылған баннерлерді ұстап, құрмет ретінде жанды дәліз жасап, сап түзеді.

Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Сонымен қатар футболшылар мен жаттықтырушылар штабы барлық жанкүйерге іріктеу кезеңіндегі ойындар бойы қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді.

Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Команда топтағы шешуші матчты сырт алаңда өткізгеніне қарамастан, футболшылар осы түні бүкіл елдің қолдауын сезгенін атап өтті.

21 қарашаға қараған түні Футболдан Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу турнирі аясында Словения футболшыларымен кездесіп, аса тартысты өткен ойында қарсыластарына 2:1 есебімен жол берді.

Біздің құрама Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне іріктеу сайыстары арқылы тікелей жолдама ала алмаса да, Қарт құрлық додасына шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Енді жерлестеріміз Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы Еуроға шығу үшін тағы бір мәрте талпынып көреді. Бұл сында біздің жігіттерді 2004 жылғы Еуропа чемпиондары – Грекия құрамасы күтіп тұр.

Матч 2024 жылдың наурыз айында Афинада өтеді деп жоспарланған.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: