Танымал боксшы Қанат Ислам: Менің соңғы 12 жылым шетелде өтіп жатыр – БАҚ

Бейжің олимпиадасының жүлдегері, кезінде Қытайдан елге оралған, бүгіндері мұхиттың арғы жағында өмір сүріп жатқан боксшы Қанат Ислам өзін өзгерткен не нәрсе екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"1001 түн" бағдарламасының қонағы болған танымал боксшы Қанат Ислам Қазақстан спортшылар әзірлеуде нені ескермейтінін айтты.

"Менің соңғы 12 жылым шетелде өтіп жатыр: Латын Америкасында, Америкада, Мексикада өмір сүрдім. Жалпы байқағаным, ол жақтарда боксқа, спортшыларға өнер деп қарайды. Ал бізде елдің намысын қорғайтын, елдің намысын жыртатын тек спортшылар секілді көреді. Ал намыс дегеннің мағынасы кең. Ол мемлекет басқарып отырған адамға да, кез келген жауапты істің адамына да тән дүние, яғни барлығына телінетін сөзді тек спортшыларға әкеліп тіркеп қойған дұрыс емес екенін қазір түсіндім. Бұл жастарға кәдімгідей қысым түсіреді. "Ел қарап отыр, халқың саған сеніп отыр" дегендей сөздер айтылып жатады. Дұрыс қой. Мәселен, шетелде намыс пен кәсібилікті араластырмайды. Маған сол ұнайды. Шамасы келмейтін білсе, жеңілгенін бірден мойындап, өзгеге жол береді. Өлгенше төбелеспейді. Бірақ ол мүлде спорттан кетпейді, керісінше әбден дайындалып, бабына келгенде қайта рингке оралады. Әрі осы дүниенің барлығы ашық жүреді", - дейді ол. 

Сөйткен спортшы өз басындағы жағдайды да мысалға келтіре кетті.

"Менің тілерсегім үзілді. Негізі, мен екі Олимпиаданы, қаншама әлем, Азия біріншілігім көрдім. Осы жағынан алғанда, көзді жұмып қойып бокстасуым керек қой. Бірақ, мен керісінше кейінгі кездері артқа кете бастадым. Содан кінә мен кінәрат іздей бастадым өзімнен. Негізі, менің бастапқыдағы жаттықтырушыларым - Кеңес заманы тәрбиесіндегілер. Солар берген тәлім-тәрбиемен шетелге бардым ғой. Біздің мектептің техникасы мықты деп басқаларға мұрын шүйіре қарадым. Алайда менің жарақаттарым осы ойымды өзгертуді, өзге білім мен ілімді алуды нұсқады. Солай мен өзгеріп, дами түстім", - дейді Қанат Ислам.

Эфир барысында боксшы төрт қыз, екі ұл тәрбиеліп отырған көпбалалы әке екенін де атап өтті. 

Айта кетсек, 2019 жылы қазанда Алматыда өткен намибиялық боксшы Уолтер Каутондокваға қарсы титулды жекпе-жекте Қанат Ислам төрт раунд бойы сынған қолымен рингте өнер көрсеткен еді. 

Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: