Шеттету мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап есептеледі. WBO-ның чемпионат комитеті бірауыздан боксшыға бір жыл бойы жекпе-жектерге және көрсетілімдік іс-шараларға қатысуға тыйым салды. Ұйым толық жазбаша шешімді кейінірек жариялауға уәде етті. Бұл туралы 2026 жылғы 20 ақпанда Brunch Boxing басылымы WBO президенті Густаво Оливьери мәлімдемесіне сілтеме жасап жазды.
Дивизиондағы белсенділікті және үміткерлердің құқығын сақтау мақсатында WBO уақытша титул үшін жекпе-жек өткізуге санкция берді. Онда рейтингтің бірінші нөмірі Дензел Бентли мен екінші нөмірі Эндри Сааведра кездеседі.
Шеттету мерзімі аяқталған соң Әлімханұлы уақытша чемпионмен міндетті түрде жұдырықтасуға тиіс. Аралық жекпе-жектерге рұқсат етілмейді. Бұл талап орындалмаса, WBO қосымша санкциялар қолдануы мүмкін.
Допинг дауы
Шешім 15 қарашада Калифорнияда Voluntary Anti-Doping Association желісі арқылы алынған сынамадан мельдонийдің табылуына байланысты қабылданды. Бұл препаратқа World Anti-Doping Agency 2016 жылдан бері тыйым салған.
Бастапқыда Әлімханұлы ереже бұзғанын жоққа шығарып, сынаманы қайта тексеруді талап еткен еді. Ол әрдайым адал өнер көрсеткенін және тағамдық қоспалар рационын өзгертпегенін мәлімдеген.
Осы жағдайдың салдарынан WBA чемпионы Эрисланди Ларамен өтетін біріктіру жекпе-жегі кейінге қалды. Сан-Антониода PBC турнирі аясында жоспарланған айқаста Әлімханұлының орнына Йохан Гонсалес рингке шықты.