Ерлер құрамасы классикалық садақ атудан жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай және Дастан Кәрімов финалда Үндістан командасын 5:4 есебімен жеңді.
Осы бағдарламада әйелдер құрамасы да жарысты бірінші орынмен аяқтады. Шешуші кездесуде Александра Землянова, Самира Жұмағұлова және Диана Тұрсынбек Қытай құрамасынан басым түсті (6:2).
Сонымен қатар блоктық садақ атудан аралас командалық сайыста Виктория Лян мен Бунед Мирзаметов Сингапур спортшыларын 152:151 есебімен жеңіп, қола медаль иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін блоктық садақ атудан командалық сайыста Виктория Лян, Роксана Юнусова және Диана Юнусова алтын медаль жеңіп алған еді.