Медаль дауы: Қазақстан Азиадада бір күнде бес медаль еншіледі

Сурет: ҚР ҰОК баспасөз қызметі
27 қыркүйекте Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бес медаль жеңіп алды: бір алтын, екі күміс және екі қола. Сонымен қатар марафондық қашықтықтағы спорттық жүрістен қазақстандық спортшының тағы бір алтын медалі дауға айналды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстанның семсерлесуден ерлер құрамасы тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады. Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов командалық жарыстың финалына дейін жетіп, онда Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Тартысты жекпе-жек 43:42 есебімен Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды.

Жеңіл атлетикадан Нора Джеруто күміс медаль иеленді. 3000 метрге кедергілер арқылы жүгірудің финалында Қазақстан өкілі 9 минут 06,82 секунд нәтиже көрсетті. Жарыста Бахрейн өкілі Винфред Яви жеңіске жетсе, Үндістан спортшысы Парул Чаудхари үшінші орын алды.

Қазақстан қоржынына тағы бір күміс медальді Аянат Жұмағали салды. Ауыр атлетикадан 77 келіге дейінгі салмақта ол жұлқа көтеруде 109 кг, серпе көтеруде 137 кг көтерді. Екі сайыстың қорытындысы бойынша 246 кг нәтижемен қазақстандық спортшы екінші орын алды.

Батут гимнастикасынан жарыстың суперфиналында Ерлан Тасмағамбетов54,69 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды.

Қазақстанға тағы бір қола медальді Наргиза Болатова мен Ясмин Тұяқова әкелді. Көркем жүзуден жұптар арасындағы жарыстың техникалық және еркін бағдарламаларының қорытындысы бойынша қазақстандықтар 565,7326 ұпай жинап, үшінші орын алды.

Батут гимнастикасынан әйелдер арасындағы жарыста Виктория Бутолина суперфиналға жолдама алды. Қазақстандық спортшы 52,15 ұпай жинап, тұғырдан бір қадам жерде қалып, төртінші орынға ие болды.

Бокстан Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақтағы жарыстың жартылай финалына шығып, Қазақстанға қола медаль бұйыртты. Ол ширек финалда Қырғызстан өкілі Мырзакир Қошалиевті жеңді.

Су добынан Қазақстанның ерлер құрамасы турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жарысты Жапониядан жеңіліспен бастаған команда Гонконг құрамасын 29:15 есебімен ұтты.

Айта кетейік, марафондық қашықтықтағы спорттық жүрістен мәреге бірінші болып қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева жеткен болатын. Алайда кейін оның кроссовкасына және аяқ киімнің World Athletics ұйымының рұқсат етілген спорттық аяқ киімге қойылатын талаптарына сәйкестігіне қатысты наразылық білдірілді.

Қазіргі уақытта бұл мәселені Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы қарастырып жатыр. Осыдан кейін тиісті шешім қабылданады.

Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 40 медаль бар: 9 алтын, 10 күміс және 21 қола.Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесі әзірге жалпы медаль санына енгізілген жоқ. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бесінші орында тұр.

Айта кетейік, Өзбекстанда да қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Қазақстанның әйелдер құрамасы Қытай құрамасынан ғана жеңіліп, Шахмат олимпиадасында екінші рет қатарынан күміс медаль иеленді.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Үсік жүреді". Еліміз бойынша 28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

ТЖМ жер сілкінісі туралы мәлімет жариялады

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Енді жанармай сапасын бақылау үшін жанармай құю бекеттері күтпеген жерден тексерілуі мүмкін

Алматыда жер сілкінді