Михаил Шайдоров Қытайдағы Гран-при кезеңінде бақ сынайды

Сурет: Instagram/mikhail_shaidorov
Бүгін Қытайдың Шэньчжэнь қаласында мәнерлеп сырғанаудан 2026/27 жылғы маусымдағы Гран-при сериясының үшінші кезеңі басталады. Ерлер арасындағы жекелей сында қатысушылар қатарында 2026 жылғы Олимпиада чемпионы, қазақстандық Михаил Шайдоров бар, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қытайдағы турнир қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы үшін биылғы Гран-при сериясындағы екінші жарыс болмақ. Бұл жолы да оған бірқатар мықты спортшымен бәсекеге түсуге тура келеді.

Алматылық спортшы жаңа маусымды қыркүйек айында Словакияның Братислава қаласында өткен Ондрей Непела мемориалында бастап, 272,75 ұпаймен қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар қысқа бағдарламада 95,98 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты.

Алайда Францияның Анже қаласында өткен Гран-при сериясының алғашқы кезеңінде бұл нәтижені қайталай алмады. Михаил 206,55 ұпай жинап, жарысты тек оныншы орынмен аяқтады.

Сурет: Instagram/mikhail_shaidorov

Бұл нәтиже қазақстандық спортшының Гран-при финалына жолдама алу мүмкіндігінен айырды. Себебі оныншы орын үшін рейтингтік ұпай берілмейді, ал әр мәнерлеп сырғанаушы серияның ең көбі екі кезеңіне ғана қатыса алады. Шэньчжэньдегі жарыста жеңіске жеткен күннің өзінде Шайдоров 15 ұпай ғана жинайды. Бұл желтоқсандағы финалға қатысатын үздік алты спортшының қатарына енуге жеткіліксіз.

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы есепте француз спортшылары Адам Сяо Хим Фа мен Кевин Эймоз 15 ұпаймен көш бастап тұр. Одан кейін 13 ұпайдан жинаған жапониялық Рио Наката мен Као Миура орналасқан. Эстониялық Михаил Селевко мен Оңтүстік Корея өкілі Минкю Соның еншісінде 11 ұпайдан бар.

Дегенмен қазіргі турнирлік кесте спортшылардың нақты күш арақатынасын толық көрсетпейді. Гран-при сериясы енді ғана орта тұсына жақындап келеді, ал бірқатар мықты мәнерлеп сырғанаушы әлі алғашқы кезеңдеріне қатысқан жоқ. Олардың қатарында америкалық Илья Малинин де бар. Сондықтан желтоқсанда Чунцинде өтетін финалдың алты жолдамасы үшін күрес әлі аяқталған жоқ.

Сурет: Instagram/mikhail_shaidorov

Ал Шайдоровты маусымның негізгі жарыстары әлі күтіп тұр. 2027 жылғы 9-14 ақпан аралығында Қазақстан алғаш рет Алматыда төрт құрлық чемпионатын қабылдайды. Бұл турнирде 2025 жылы жеңіске жеткен Михаил үшін елдегі жарыстың маңызы ерекше болмақ.

Тағы бір маңызды дода – 15-21 наурыз аралығында Финляндияның Тампере қаласында өтетін әлем чемпионаты. Өткен жылы қазақстандық спортшы әлем біріншілігінде күміс медаль жеңіп алған еді. Алдағы жарыс ол үшін 2026 жылғы Олимпиада чемпионы мәртебесіндегі алғашқы әлем чемпионаты болмақ.

Әзірге жанкүйерлердің назары Шэньчжэньдегі жарысқа ауып отыр. Мұнда қатысушылар құрамы өте мықты болмақ. Шайдоровтың қарсыластары арасында Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлері, сондай-ақ осы маусымда жоғары нәтиже көрсеткен мәнерлеп сырғанаушылар бар.

Гран-при сериясын сәтсіз бастағанына қарамастан, қазақстандық спортшы алдағы жарыстың басты фавориттерінің бірі саналады.

Сурет: Instagram/mikhail_shaidorov

Оның негізгі қарсыластарының бірі – жапониялық Шун Сато. Италиядағы Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері Қытай мұз айдынында сәтті өнер көрсетіп жүр. Ол 2024 және 2025 жылдары China Cup турнирінде жеңіске жеткен. Енді қатарынан үшінші рет чемпион атануға тырысады.

Қыркүйек айында Сато Kinoshita Group Cup жарысында 255,92 ұпай жинап, екінші орын алған. Дегенмен оның әлеуеті бұдан да жоғары. Өткен маусымдағы Гран-при финалында жапониялық спортшы 292,08 ұпай иеленген. Шэньчжэньдегі жарыс ол үшін биылғы Гран-при сериясындағы алғашқы кезең болмақ.

Тағы бір жапониялық мәнерлеп сырғанаушы Као Миура Гран-при кезеңінде жүлдегер атанып үлгерді. Францияда ол қысқа бағдарламадан кейін тоғызыншы орында тұрғанына қарамастан, күміс медаль жеңіп алды. Қытайдағы сәтті өнері оған серия финалына жолдама алуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Ресейлік спортшылар да бейтарап мәртебеде өнер көрсетіп, Шайдоровқа елеулі бәсекелестік танытуы ықтимал.

Олардың арасында Владислав Дикиджи ерекше көзге түседі. Ол осы маусымда халықаралық турнирлерде екі рет жеңіске жетті. Қыркүйекте Kinoshita Group Cup жарысында топ жарса, қазанда Алматыда өткен Денис Тен мемориалында да бірінші орын алды.

Қазақстандағы жарыста Дикиджи маусым басындағы ең жоғары нәтижелердің бірін көрсетіп, 312,79 ұпай жинады. Еркін бағдарламада төрт төрттік секіруді сәтті орындады. Шэньчжэньде ол биылғы Гран-при сериясындағы алғашқы кезеңіне қатысады.

Сурет: Instagram/mikhail_shaidorov

Медальға үміткерлер қатарында тағы бір ресейлік Евгений Семененко бар. Ол қыркүйекте Ондрей Непела мемориалында жеңіске жеткен болатын. Бұл жарыста Шайдоров қола медаль алған еді.

Қатысушылар арасында 2026 жылғы Еуропа чемпионы, грузиялық Ника Эгадзе де бар.

Оңтүстік Корея өкілі Минкю Соға да ерекше назар аударуға болады. Ол Франциядағы жарыста 244,9 ұпай жинап, қола жүлдегер атанды. Бұған дейін Kinoshita Group Cup турнирінде төртінші орын алған. Қытайда спортшы маусымның сәтті басталуын жалғастырып, Гран-при финалына жолдама алуға талпынады.

Айта кетейік, Шайдоров Қытайдағы Гран-при кезеңінің ерекшеліктерімен жақсы таныс. Ол мұнда бұған дейін екі рет жүлдегер атанған: екі жыл бұрын күміс, ал өткен жылы қола медаль жеңіп алған.

Сондай-ақ бұған дейін қазақстандық жас триатлоншы Рамазан Айынегев Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында тартысты бәсекеде қола медаль жеңіп алған болатын.

Қазақстан
Қытай

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Бес елдің ғалымдары Аралды қалпына келтірудегі фосфогипстің әлеуетін бағамдады

Алматы мен Шымкентте күн жылынады: ауа температурасы +25 градусқа дейін көтеріледі

Ақтауда еден жуушының шелегін тепкен мұғалім жазаланды

Қазақстанға қоныс аударатын қандастар мемлекеттік субсидияны қалай ала алады

Қарин: Соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан шығуға ниет білдірушілер санының азаю үрдісі сақталып отыр