Іс-шараға Спорт істері комитетінің төрағасы Руслан Бақытұлы мен федерацияның бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлы қатысып, үздік спортшыларға ақшалай сертификаттар табыстады.
"Азия ойындарының қаһармандары марапатталды! Кештің басты оқиғасы – марафон қашықтығында ерекше табандылық танытқан Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстау болды. Пәтер федерация мен демеушілер атынан берілді. Федерация Ясминаны Азия ойындарының нағыз чемпионы әрі ел мақтанышы деп санайды", – делінген Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Федерация өкілдері бағалы сыйлық Тоқсанбаеваға қосымша қолдау болып, алдағы Олимпиада ойындарына дайындығына жаңа серпін береді деп сенеді.
Жеңіл атлетші де өзіне табысталған қымбат сыйлыққа қатысты пікір білдірді.
"Өз сезімімді сөзбен жеткізуге сөзім де, эмоциям да жетпейді. Өз елім мен Жеңіл атлетика федерациясы тарапынан осындай құрметке ие болғаныма шексіз қуаныштымын! Бүгінгі қуанышқа ортақтасқан баршаңызға рақмет! Бұл мені алға ұмтылып, дамуға ынталандырады!" – деді Ясмина Тоқсанбаева өткен дүйсенбіде.
Айта кетейік, дәл осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия пара ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысқан болатын.
Мемлекет басшысының Жарлығымен XX жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін Ясмина Тоқсанбаева "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.