Антарктикадан 315 миллиард тонналық алып айсберг бөлініп кетті

Бұл айсбергті ғалымдар мұқият қадағаламақ, өйткені ол мұхиттағы кемелерге үлкен қауіп төндіреді.

Шығыс Антарктидада соңғы 50 жыл ішіндегі ең ірі айсберг Эймери мұзды қайраңынан морт үзілді, деп хабарлайды fakty.com.ua.

D28 айсбергінің ауданы 1,6 мың шаршы шақырым. Көлемі жағынан ол Шотландияның Скай аралымен бірдей.

Қалыңдығы 210 метрге жетеді, ал салмағы – шамамен 315 миллиард тонна. Бұл айсбергті ғалымдар мұқият қадағаламақ, өйткені ол мұхиттағы кемелерге үлкен қауіп төндіреді.

Эймери мұзынан соңғы рет үлкен айсберг 1960 жылдардың басында бөлінген. Ол айсбергтің ауданы 9 мың шаршы шақырым болатын.

Ғалымдар мұздықтың бөлінуін жаһандық жылынумен байланыстырмайды, өйткені соңғы 30 жыл ішінде ғарыштан түсірілген суреттер Эймеридің жазда беті белсенді еруіне қарамастан тепе-теңдікте тұрғанын көрсетеді.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: