Жаһандық індеттердің таралуында циклдық сипат бар деп айтып жатады, сол қаншалықты рас? Мәселен соңғы 4 ғасырда орылған жаппай пандемиялардың ең ауқымдылары 20-шы жылдарға тұспа-тұс келіп отырған.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Атап айтсақ, 1720 жылы жаһан жұртшылығы Марсель обасынан жапа шекті. 1820 жылы Азия холерасы көп халыққа кесапат алып келді. Тұп-тура бір ғасыр өткенде, яғни 1920 жылы Испан тұмауы 150 млн-дай адамның өмірін қиды. Енді араға 100 салып Коронавирус келіп отыр. Бұл сәйкестік пе әлде қандайда бір заңдылық бар ма?
1720 жыл. Бүкіл батыс Еуропа мен Солтүстік Африка арасындағы сауда-саттық Францияның портты қаласы Марсель арқылы жүзеге асатын. Сол жылы Кипрден ішінде алты мәйіті бар сауда кемесі келді. Су көлігі кәрі құрлыққа жұқпалы вирусты әкелді.
Ажар Шалдарбекова, нумеролог:
"Бір қаладан, екінші қалаға өткен саудагерлер өздерінің тауарлары, әр түрлі метал күміс, мыс, алтын тасып отырған. Сонымен қатар саудагерлердің өздері де осындай бактериялардың тасымалдаушысы болған".
Індет, әуелі порттағы қызметкерлерді қырып, сосын халыққа жаппай жұға бастады. Билік сауда тоқтамасын деп, обаны жасырмақ болған. Бірақ бірнеше айдан кейін Францияның көшелерінде мыңдаған мәйіт шіріп жатты. Бір қаланың өзінде 60 мың адам өліп, дерт бүкіл мемлекетті дендеді.
Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы:
"19 ғасырға дейін басты себеп табиғаттағы апаттардан болды, жаңбыр болмай қалды, құрғақшылық, жұт болып қалды. Ал 19 ғасырдан бастап бұл экономикадағы монополизм. Экономикалық жауапсыздық, экономикалық қылмыспен ұштасып жатыр".
1820. Тура жүз жылдан кейін Азия жұртына жұт келді. Бұған дейін әр жерде бір бой көрсеткен тырысқақ ауруы Үндістанды түгел жайлап, төрт жылда 900 мың тұрғынды опат қылды. Індеттің негізгі себебі айларға созылған аптап пен өзендердің шамадан тыс ластануы. 2 ғасыр өтсе де, адамзат холераны әлі жеңе алмай келеді. Тырысқақ ауруы талай адамды топырақ жамылдырып жатыр.
Евгений Никитин, вирусолог:
"Одан кейін талай ұрпақ ауысты, бірақ вирус ешқайда кеткен жоқ. Тығылып жатыр. Бірақ уақыттан соң қайтадан шығуы мүмкін. Өйткені кез-келген ауру 4-5 ұрпақ ауысуынан кейін қайталанып отырады. Болашақта тағы дүмпулер болуы мүмкін".
1920. Арада тағы жүз жыл өтті. Нәубеттің назары тағы Еуропаға түсті. Адамзат тарихындағы ең жауыз эпидемия Испанияда басталған еді. Осы елдің атымен аталатын тұмау жер бетіндегі 550 млн адамға жұғып, 100 млн-ға жуығын жер жастандырды. Бұл бәлекет адам атаулыны едәуір азайтып қана қоймай, болашаққа балта шапты. Өйткені қаза болғандардың барлығы нағыз демографияға үлес қосатын 20 мен 40 жас аралығындағылар еді.
Хангелді Әбжанов, тарихшы:
"Өнеркәсіптік төңкеріс бұрынғы өнімсіз қол еңбегін машинаға, автоматтандыруға айналдырды да, енді бір сәттің ішінде мың, млн өнім шығаратын болды. Ауа да, су да, топырақ та бұзылды. Осындай себептер медициналық, экономикалық, әлеуметтік себептер осының бәрі аяқасты індетке ұрынып, қорғансыз адамдар қырылып қалды".
2020. Тура бір ғасырдан кейін, адам баласы әупірімдеп жүріп бетін қайтарған тұмау типтес бәлекет басына тәж киіп тағы келді. Коронавирус 3 айдың ішінде 300 мың адамға жұғып, 180 елде 13 мыңға жуық науқас жан тапсырды.
Амантай Исин, тарих ғылымдарының кандидаты:
"Күн қатты энергия шашады да, құрғақшылық немесе басқа бір қиыншылық болады. Бұл цикл, айналып келіп отырады, мүшел дегеннің өзі осындай ұғым. Бұл жерде ғарыштық күштердің әсері бар".
Осыдан кейін сұрақ туындайды. Бұл цикл ма? Пандемиялар 100 жыл сайын тұрақты түрде қайталана ма?
Құралай Бақытқызы, нумеролог:
"1720 жылдары чума болды, 1820 жылы холера болды. 1920-да испан дерті және тағы да көп ауралар болғанр. Және 2020 жылдар. Бұл жылдарды қосып, орта есеппен сандарды қарайтын бослақ, ешқанда сәйкестік жоқ. Мысалы 1720-ны қосқанда, биылғы жыл 4 саны шығып тұрса, ол жақта 1 саны, 2 саны, 3 саны, 4-пен келе жатыр. Яғни, бұл жерде ешқандай сәйкестікті байқамадым".
Бұл дегеніміз, әр жүз жыл сайын жаһан жұрты жаман хабар естіп, жаппай қырылып жатады деген сөз. Қорықпайын десең, осы коронавирус туралы кезінде анау бүй депті, кейін мынау сүй депті дейтіндер көбейді. Рас-өтірігін қайдам, жұқпалы дерт жайында Ванга әжей де болжап тастаған екен. Айна жылында, яғни екі жағындағы сандары бірдей жылда жер бетін ауру жайлап, әлемге әжептәуір қауіп әкеледі депті.
Құралай Бақытқызы, нумеролог:
"Биылғы жылды да естіген шығарсыз, қытай год металлической крысы деп жатты. Металл және тышқан жылы деп. Бес стихияның ішіндегі ең қауіпті жыл осы металл жылы болып тұр. Ол бізде 2020-21 жылдар".
Симпсондар туралы мультфильмнің 1993 жылы шыққан бөлімі Азиядан әлемге таралатын ауру туралы түсірілген. Бұл көріпкелдік пе? Дәл осы мультсериал Дональд Трамптың президент болатынын да, Германияның футбодан әлем чемпионатын жеңетінін де дөп айтқан. Сенбейін десең, сәуегейлік қазақ қоғамынан да алыс емес қой. Қашан да хандардың жанында көріпкелдер отырған. Ал Мөңке бидің болжамын оқысаңыз, дәл қазіргінің көрінісі. Демек, болашақты болжау қазақтың қанында бар.