Автокөлікті басқарудың міндетті шарттарының бірі – жарамды жүргізуші куәлігінің болуы. Жүргізуші куәлігі мен техпаспортты алып жүруді міндеттемеу мақсатында ІІМ оларды "цифрландырды" және құжаттардың цифрлық аналогтарын пайдалану үшін заңнаманы өзгертті. Бұл қызмет көрсету мерзімін орта есеппен 4-5 есеге қысқартуға, қағазбастылықтан арылтуға және ХҚКО-лардағы кезектерді азайтуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ ІІМ жүргізуші куәліктерінің қолданылу мерзімі өтуге жақындаған кезде оларды уақтылы ауыстыру қажеттігі туралы еске салатын SMS және push-хабарламаларды жіберу сервисін енгізді.
Айта кету керек, бұрын жыл сайын ХҚКО-ға қолданылу мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәліктерін ауыстыру үшін 400 мыңға жуық азамат жүгінетін.
"Енді жүргізуші куәлігін онлайн режимде екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы ауыстыруға болады. Жүргізуші куәлігін жаңарту үшін осындай қосымшалардың біріне кіріп, биометриялық тексеруден өтіп, өз смартфоныңызға суретке түсу жеткілікті. Өтінім ІІМ дерекқорында өңделгеннен кейін жаңа жүргізуші куәлігі 10-15 минут ішінде автоматты түрде шығарылады. Азамат ХҚКО-дан жаңа құжатты өзіне ыңғайлы кез келген уақытта ала алады, ал автокөлікті смартфондағы "цифрлық" жүргізуші куәлігі нұсқасы бойынша бірден басқара беруіне болады", делінген ҚР ІІМ хабарламасында.
Мұндай қызметтерді енгізу азаматтарымызды мемлекеттік қызметтерді алу үшін қандай да бір мекемелерге бару қажеттілігінен босатады.