Құжатта бір тарап мемлекетінің азаматтары, қолданылу мерзімі кемінде 6 (алты) айдан кем болмауға тиіс жарамды жол жүру құжаттарының иелері, екінші тарап мемлекетінің аумағына келу, одан кету, транзитпен өту, онда уақытша болу үшін келген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын, күнтізбелік 180 (жүз сексен) күндік әр кезең ішінде жиынтығы күнтізбелік 90 (тоқсан) күн болатын кезеңге визалық талаптардан босатылатыны қарастырылған.
Егер адамдар екінші Тарап мемлекетінің аумағында күнтізбелік 30 (отыз) күннен артық болуға ниет білдірсе, осы Тарап мемлекетінің заңнамасы мен қағидаларына сәйкес талап етілетін тиісті виза алуға тиіс.
Сондай-ақ, екінші Тарап мемлекетінің халықаралық жолаушылар қатынасы үшін ашылған кез келген өткізу пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады, одан кете алады немесе транзитпен өте алады және осы Тарап мемлекетінің келуге, кетуге және транзитпен өтуге қатысты заңнамасы мен қағидаларын сақтауға тиіс.
СІМ-нің ақпаратынша, келісімге Қазақстан премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Таиландқа ресми сапары шеңберінде және Таиланд Корольдігінің Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Парнпри Бахидда-Нукара 2024 жылғы 23 сәуірде Бангкокта қол қойды.
Алайда, оның күшіне енуі үшін оны екі елдің үкіметтері де мақұлдауы керек. Ол мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен кейін күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
"Келісімді бекіту Қазақстан Республикасы мен Таиланд Корольдігі арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға және ұлттық паспорттардың иелеріне жеңілдетілген визасыз тәртіпті орнатуға мүмкіндік береді", - делінген негіздемеде.
Құжат 19 шілдеге дейін жария талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.