Ақмәди Сарбасов сөзінің басында халықтың нақты табысы экономикалық өсу мен еңбек өнімділігіне тікелей байланысты екенін айтты.
Оның айтуынша, соңғы он жылда ЖІӨ өсімі қызмет көрсету саласы есебінен 62%-ға қамтамасыз етілді, ондағы еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібіне қарағанда айтарлықтай төмен.
2015 жылдан бастап жұмыс орындарының 37%-ы еңбек өнімділігі төмен секторларда, негізінен білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару сияқты мемлекеттің қатысуы басым салаларда құрылды. Жұмыс орындарының тек 8%-ын өнімділігі жоғары салалар құрады. Нәтижесінде жұмыспен қамтылған халықтың 41 пайызы табысы мен өнімділігі төмен салаларда жұмыс істейді. Осыған байланысты негізгі міндет тұрақты және өнімді жұмыс орындарын құру қарқынын арттыру болып табылады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар инвестициялық жобалар тізбесі мен құрылатын жұмыс орындарының саны бар өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітуі тиіс.ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов
Вице-министр сондай-ақ, жұмыс орындарын құру мониторингі салық және зейнетақы аударымдары мен электрондық еңбек шарттары бойынша деректерді тексере отырып, ақпараттық жүйе арқылы қамтамасыз етілетінін айтты.
Ол азаматтардың табысын арттыру бойынша шаралар кешені халықтың барлық санаттарын қамтитынын атап өтті.
Азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының (педагогтар, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық персонал және т.б.) жалақысын арттырудан және инфляция деңгейін ескере отырып, жәрдемақы мөлшерін жыл сайын индекстеуден басқа бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданады.Ақмәди Сарбасов
Осылайша, экономиканың қажеттіліктеріне қарай еңбек ресурстарының дағдыларын дамыту үшін кәсіптік біліктіліктерді тану жүйесі қалыптастырылатын және қызметкерлердің дағдыларын сертификаттау енгізілетін болады.
Сондай-ақ вице-министр өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұмыскерлер үшін еңбек қатынастарын рәсімдеудің жаңа формалары мен арнайы салық режимдерін енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
Сонымен қатар, ол кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және жұмыспен қамту инфрақұрылымын цифрландыру арқылы халықты жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша шаралар қабылданатынын жеткізді.