Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарын жөндеуге қатысты тапсырмаларының уақытында орындалмағаны үшін ҚР Үкіметінің Қаулысымен индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қызметінен босатылды.
Бірер күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысындағы жолдарды жөндеуге қатысты тиісті жұмыстарды белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалану тиіс екендігін айтқан
Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті шараны тез арада қабылдауды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев БҚО-дағы жолдар жайлы: Жөндеу жұмысын уақтылы орындамағандар жазалануы тиіс
Қамалиев Берік Сайлауұлы 1960 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.
Білімі мен білігі:
Қарағанды политехникалық институтын, Қарағанды мемлекеттік университетін, Ресей Федерациясы президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
Кәсіби мансап:
Түрлі жылдары ҚР Премьер-министрі кеңесшісі, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Транспорттық инфрақұрылымды дамыту комитетінің төрағасы болып қызмет етті.
2010 жылдың сәуірінен 2011 жылдың сәуірі аралығында - индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі. Одан соң көлік және коммуникациялар министрі болып тағайындалды. Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы болды.
2016 жылдың 29 сәуірінен бастап «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ инфрақұрылымдық жобалар және машинажасау жөніндегі вице-президенті болды.
2016 жылдың шілдесінен желтоқсаны аралығында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі.
2017 жылы DE MONTFORT UNIVERSITY Лондон университетінде тағылымдамадан өтті. 2018 жылдың қаңтарынан қазірге дейін «East Mar Kazakhstan» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын атқарды.
2019 жылы наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі.