Қазақстан ЕҚДБ-мен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті – Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жужанна Харгитай Қазақстанда 2023 жылға арналған инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарларды талқылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тараптар банк секторын, жаңа өндіруші қуаттарды енгізу бөлігінде энергетика саласын дамыту, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды, соның ішінде кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту мәселелері бойынша пікір алмасты, делінген Үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.

Әлихан Смайылов Қазақстан ЕҚДБ-мен өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатын және банктің құрылымдық реформаларды жүргізуге қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.

"Үкімет "жасыл" экономика, көлік және логистика, жаңартылатын энергия көздері мен жеке бизнесті дамыту салаларындағы жобаларды іске асыру бойынша белсенді бірлескен жұмысқа дайын. Біз елдік және өңірлік деңгейде ынтымақтастығымызды кеңейтуге ниеттіміз". Әлихан Смайлов

Сонымен қатар Премьер-министр экономикалық даму шеңберінде республикада декарбонизациялауға ерекше назар аударылатынын, осыған байланысты биылғы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілгенін айтты.

Өз кезегінде Жужанна Харгитай ЕҚДБ-ның барлық қолданыстағы және жоспарланған жобалар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізуді мақсат еткенін растады. Бұл ретте ол банктің экономиканың басым салаларында жаңа "жасыл" бастамаларды пысықтауды жандандыруға дайын екендігін атап өтті.

Қазақстан Смайылов Әлихан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: