Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, елімізде онкологиялық аурулар барлық аурудың құрылымында 7-орында, ал өлім-жітім бойынша қанайналым жүйесі ауруларынан кейін 2-орында тұр.
"Жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталады. Әйелдердің арасында аурушаңдық ерлермен салыстырғанда аздап жоғары (тиісінше 57 және 43%). Бұл аурушаңдық құрылымында бірінші орында сүт безі обырының тұруымен түсіндіріледі. Еңбекке қабілетті (18- 64 жас аралығындағы) адамдардың сырқаттануы 56%-ды құрайды", - деді Ажар Ғиният.
Аурушаңдықтың құрылымын қарасақ:
- 1-орын - сүт безі обыры (13,2%),
- 2-орын – өкпе обыры (10%),
- 3-орын – колоректалдық обыр (9,3%).
Жыл сайын елде обырдан 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Өлім құрылымында бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында - асқазан обыры (12%), үшінші орында - тоқ ішек обыры (10,6%) тұр.
Сонымен қатар министр онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсету бойынша бірқатар негізгі проблеманы атады. Біріншісі - халықтың салауатты өмір салтын ұстануының төмендігі.
"Темекі шегу, дұрыс тамақтанбау сияқты қауіп факторлары обырдың белгілі бір түрлерінің дамуына әсер етеді. Халықтың бір бөлігі тұрғылықты жері бойынша емханаларда онкоскринингтен өтуге бармайды, бұл скринингтер обырды ерте диагностикалау және ісік алды ауруларын анықтау үшін өте маңызды. Онкологиялық аурулардың дамуында экологияның әсері де көп, осыған байланысты қоршаған ортаны қорғау және еңбек жағдайларының қауіпсіздігі жөніндегі шараларды күшейту талап етіледі", - деді Денсаулық сақтау министрі.
Екіншісі - диагностика мен емдеуге арналған медициналық жабдыққа қолжетімділіктің болмауына және кадр мәселесіне байланысты барлық өңірлерде онкологиялық көмек бірдей және жүйелі болмауы.
Үшіншісі - жеке ғылыми база жеткіліксіз, заманауи технологиялар саласында жеке ғылыми әзірлеме аз.
"2022 жылғы 18 қазанда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау саммитінің мәліметі бойынша "Онкологиялық аурулардың басым бөлігінің алдын алуға болады. Обыр – үкім емес. Тоқтамай күресу қажет" делінген. Қазақстанда обырды ерте диагностикалау мен емдеу әдістерін жетілдіру үшін біз барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет", - деді Ажар Ғиният.
Айта кетейік, министрліктің мәліметінше, қазір Қазақстанда онкологиялық аурулар бойынша 205 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда.