Жаңалықтар тізбегі
0

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қорғаныс министрін таныстырды

Ақорда, Президент, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.01.2022 18:01 Сурет: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Бектановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатып, бұл қызметке Руслан Жақсылықовты тағайындау туралы Жарлықтарға қол қойғанын хабарлады.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрдің кадрлық әскери қызметкер екенін, арнайы білімді Алматы Жоғары жалпыәскери командалық училищесінде оқығанын, кейін М.В. Фрунзе атындағы академияда және Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясында білімін жалғастырғанын атап өтті.

Оның тәжірибесі мол. Ішкі әскерде 30 жылдан астам қызмет етті. Ол қатардағы жауынгерден бастап, әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысына дейінгі әскери жолдан өтті.Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерге деген талаптың күшейе түскеніне тоқталды.

Армия Тәуелсіздігіміздің тірегі болып, мемлекет мүдделерін қорғауы тиіс. Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық.Қасым-Жомарт Тоқаев

Сонымен қатар Президент Қазақстандағы бітімгерлік миссиясын аяқтаған ҰҚШҰ контингентінің жұмысына оң баға берді.

ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері Қазақстанға қысқа мерзімге ғана келіп, қорғау қызметін атқарды. Ұжымдық контингент өздерінің тиімділігін және әлеуетін көрсетті, – деді Мемлекет басшысы. Президент геосаяси жағдайды және аймақтық деңгейдегі өзекті сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери дайындығын түбегейлі арттыруды талап етті. Ол үшін бірқатар міндетті орындау қажет.Қасым-Жомарт Тоқаев

Жоғарғы Бас қолбасшының пікірінше, ең алдымен, ел басшылығын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақтылы әрі нақты ақпараттармен қамтамасыз етуге тиісті әскери барлау қызметін күшейту керек.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес құрылатын Арнаулы операциялар жөніндегі күштердің Басшылығына маңызды миссия жүктеледі. Сондай-ақ оларға қысқа мерзім ішінде басқа күштік құрылымдармен бірлесіп, барлық ұйымдастыру шараларын қабылдап, арнаулы операцияларды орындауға дайындалу міндеті жүктеледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев қару-жарақ сақтайтын нысандарда төтенше жағдайлардың қайталануына жол бермеу қажеттігін еске салды. Осыған байланысты Президент қару-жарақтардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пайдалануға жарамсыз және әрі қарай сақтауға қауіпті қару-жарақтарды жою шараларын жүзеге асыруды жалғастыру керек екенін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан армиясының техникалық және жауынгерлік жабдықтарын жаңарту міндетін жүктеді.

Әскердегі қару-жарақтың дені – 30-50 жыл болған кеңес дәуіріндегі техника. Ескірген техникалардың мерзімінің өткеніне байланысты қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы Күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қабылданатын шаралар жүйелі болуы керек. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет. 

Мемлекет басшысы әскердің шұғыл әрекет ету қабілетін артырып, әскери-транспорттық авиацияның әлеуетін күшейту қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, әскери борышты өтеу міндетінің беделін көтеріп, абыройын арттыру қажет.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасының сабақтарын ескере отырып, Қару-жарақ және әскери техника сатып алу жөніндегі 2022 жылға арналған жоспарды қайта қарауды және Қарулы Күштердегі кадрлық әлеуетті арттыру шараларын қабылдауды тапсырды.

Бұдан кейін Руслан Жақсылықов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі ретінде ант қабылдады.

Жиын соңында Президент жаңа министрге және Қорғаныс министрлігінің ұжымына сәттілік тіледі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: