Таразда қайырымдылық күні "Балалар – біздің бақытымыз" атты мерекелік шара өтті
Қайырымдылық ұғымының халқымыз үшін қашанда қадірі биік. Ал әз-Наурыздың осы күнмен ұштасуы оның мәнін арттырып, маңызын айшықтай түсері сөзсіз.
Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Атаулы күнге орай Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында "Балалар – біздің бақытымыз" атты мерекелік шара өтті. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді. Сондай-ақ, шаһар басшысы орталық тәрбиеленушілеріне арнайы дайындалған сый-сияпаттар ұсынды. Балғындар да өз кезегінде қала әкіміне алғыстарын жеткізді.
Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Мерекелік шара барысында өнерлі өрендер ән мен
биден шашу шашып, өз өнерлерін паш етті.
Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Концерттік бағдарламадан соң қала әкімі
орталықтың ішін аралап, ақ дастархан басында балалармен еркін әңгіме өрбітті.
Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Айталық, шаһар басшысы балалардың шығармашылық
көрмесін тамашалап, "Stars" сән және
сұлулық мектебі, отбасы үлгісіндегі "Қуаныш" және "Балауса" жанұясы, "Адалдық" дүкені, "Тігін және қол өнер шеберханасы", "Бейнелеу өнері", "Коворкинг
орталығы", "Ас отау" аспаздық үйірмесі, "Психологиялық қызмет", "Медиация" бөлмелерімен танысты.
Жалпы аталған орталықта бүгінгі күні
107 бала тәрбиеленуде. Мұнда тәлім алушыларға "Ас-отау" аспаздық, "Сымбат" тігін, "Жібек" бейнелеу
өнері, "Балауса" би, "Прима" театр, "Томирис" сұлулық мектеп үйірмелері арқылы кәсіби бағдар беріледі. Сонымен қатар, футбол, еркін күрес, армрестлинг, баскетбол секциялары жұмыс
істейді.
Игі шара соңында балалар өздерінің
алға қойған арман-мақсаттарымен бөлісіп, естелік суретке түсті.