Қызылордада 240 пәтерлік алты көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Президент өз Жолдауында: "Елімізде бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажет. Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру" деген болатын. Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты қолдауының арқасында, облыс әкімінің үйлестіруімен бұл бағыттағы жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Соның нәтижесінде, Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шаһарда жыл басынан бері 655 отбасы қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 1 581 пәтер пайдалануға беріледі. Биылдың өзінде бюджеттен тұрғын үй құрылысына 58 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
"Бұл қаражатқа 31 көпқабатты үй салынады. Оның 945 пәтері ипотекалық, 1336 пәтері әлеуметтік осал топтарға арналған. Ерекше атап өтуіміз қажет, кейінгі жылдары қаламызда заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Бүгін міне, Өздеріңізбен бірге айтулы мерекелер қарсаңында 6 көпқабатты тұрғын үй кешенін пайдалануға беру үшін жиналдық. 4 млрд 500 млн теңгеге салынған бұл кешеннің аумағы 15 600 шаршы метр, құрылысты Сыр өңірінде талай жылдан бері қолтаңбасы қалған мердігер мекемелер салды. Қоныстарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыз жылулық пен мейірімге, балалардың шат күлкісіне толсын. Сіздерге жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілейміз. Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!", – деді қала әкімі.
Жиында тұрғын үйді сапалы етіп салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйледі.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі