Енді стипендиялар тікелей студенттердің шоттарына аударылады
Ол бойынша енді стипендиялар студенттердің шоттарына тікелей төленеді деп жоспарланып отыр. Яғни осыған дейінгі ЖОО-ға аударатын жүйе болмайды. Сонымен қатар біз уәде бергеніміздей, жоғары оқу орындарының гранттары үшін қаржыландыру да студенттерге тікелей жолдама ретінде беріледі. Ал кейін қаржыны студенттердің өздері жоғары оқу орындарына төлейді.
Жоғары білім деңгейі бойынша жаңадан берілетін лицензиялар үшін 5 жыл мерзім белгіленеді. Осыған дейін олардың нақты мерзімі көрсетілмеген еді. Мәселен, 1992 жылы алынған лицензия барлық өзгеріс пен жаңа шарттарға қарамастан жарамдық күшін сақтап келді. Бүгінге дейін мемлекет лицензия мерзіміне қатысты талап қойған жоқ.
Жабылған жоғары оқу орындарының студенттерін және олардың жеке істерін басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру, оқуын аяқтамаған немесе қорытынды аттестаттаудан өтпеген тұлғалардың жеке істерін, сондай-ақ осыған дейін білім беру ұйымында оқуды аяқтаған тұлғалардың жеке істері мен білімі туралы құжаттарының көшірмелерін мемлекеттік мұрағатқа уақытылы тапсыру үшін жауапкершілік енгізіледі.
Колледждерге академиялық еркіндік беріледі. Бірнеше жыл бұрын біз бұл реформаны жоғары білім деңгейінде жүргіздік. Енді колледждердің білім беру бағдарламалары ЖБП пәндерінің циклін қоспағанда, министрлік бекіткен типтік жоспарлар мен бағдарламалар емес, кәсіптік стандарттар мен жұмыс берушілердің талаптары негізінде құрылады.
Мұғалімдердің міндетті біліктілік арттыру курстарынан өту мерзімі өзгеріп жатыр. Қазір 5 жылда 1 рет, 3 жылда кемінде 1 рет өту ұсынылады. Бүгінде бәрі жылдам өзгереді, сондықтан мұғалімдердің де өз біліктіліктерін жиі арттырғаны абзал.
Тиісті заң жобасы мәжілісте екінші оқылымда қабылданды.
Министрдің айтуынша, қабылданған нормалардың басым бөлігі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Олардың барлығы ұлттық білім беру жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған.