12 cәуір – Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні

ғылым, зерттеу, ғалым, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.04.2022 12:09 Сурет: biosafety.kz
12 сәуір күні Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні тойланады. Бұл күн Тұңғыш президенттің 2011 жылғы 20 қазандағы № 164 Жарлығымен белгіленді. 12 сәуір кездейсоқ таңдалған жоқ, деп хабарлайды Zakon.kz.

12 сәуірде Қазақстанда ғылыми қызметті ұйымдастырудың бастауында тұрған, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Академик бүкіл саналы ғұмырын ғылым мен оның дамуына арнады. Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күнін мерекелеу оның туған күніне орайластырылды.

12 сәуірге орай Білім және ғылым министрлігі еліміздегі ең жас ғылыми қызметкер туралы жазды.

Биотехнолог Гүлнұр Жүнісова - еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында биік белестерге қол жеткізген жас ғалымның үлгісі. 2022 жылдың наурызында 34 жастағы PhD докторы «Генетика және физиология институтының» бас директоры болып тағайындалып, Қазақстандағы ҒЗИ-ды басқаратын ең жас ғалымдардың бірі болды. Білім және ғылым министрлігі

Гүлнұр Сағындыққызы Генетика институтына 2012 жылы кіші ғылыми қызметкер болып келген. Қысқа мерзім ішінде ол 70-тен астам ғылыми мақала жариялап үлгерді, сонымен қатар ғалымның бір инновациялық патенті бар. Қазір ғалым сүт безі қатерлі ісігінің ерте дамуының клиникалық-генетикалық аспектілерін зерттеумен айналысып жатыр.

Сурет: Білім және ғылым министрлігі

Жаратылыстану ғылымдарының барлық саласы генетикамен байланысты. Қазір әлемде генетика сұранысқа ие, себебі ғалам мәселелерін тереңірек зерттеу үшін көптеген озық технология пайда болып жатыр. Менің зерттеулерім онкологиялық ауруларды ерте диагностикалаумен байланысты. Біз өз зерттеулерімізде осы қатерлі аурудың пайда болу жолдарын анықтауға және емдеу әдістерін жеделдетуге тырысамыз. Ол үшін қазір бізге заңнамалық жағынан да, қаржылық жағынан да қажетті жағдай жасалып жатыр, – деді Жүнісова.

Гүлнұр Жүнісованың ғылыми қызметі бұған дейін де оң бағаланып, қолдау тапқан еді. Ол дарынды жас ғалымдарға арналған БҒМ Мемлекеттік ғылыми стипендиясының екі мәрте иегері және ғылыми тағылымдамадан өту грантының иегері болды. Сонымен қатар Жүнісова – «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиты. Биотехнологтың ойынша, мұндай бағдарламалар ғылыми әлеуетті дамытуға негіз бола алады.

ҒЗИ директоры ретінде басшы жас қызметкерлердің бастамалары мен идеяларын қолдауды, сонымен қатар аға буынның толыққанды және нәтижелі жұмыс істеуін қамтамасыз етуді басты міндеті деп санайды. Гүлнұр Сағындыққызы Ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде әріптестеріне мықты денсаулық, жаңа ғылыми жетістіктер тіледі.

Әрине, бұл қызмет – үлкен мәртебе және жауапкершілік. «Ғылыми қызметті басқару ісімен қатар алып жүре аламын ба?» деген күмәнім болды, бірақ бас тартуға болмайды. Әріптестердің сенімін күн сайын, сағат сайын ақтау қажет. Осы ортада өскендіктен ұжымның қолдауын да сезінемін. Бізде жұмыс көп, бірақ оларды тиімді коммерцияландыру үшін институтта арнайы құрылым құру керек. Бұл құрылым Ғылым қорымен, басқа университеттердің технопарктерімен байланыс жасап, ғалымдарымызға кеңес беріп, грант алуға көмектеседі. Жалпы жоспар көп, ең бастысы күш те, мүмкіндік те бар, – деп қорытындылады сөзін директор.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: