Балабақшалар балаға зорлық-зомбылық көрсету фактісі үшін лицензиясынан айырыла ма
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, лицензиялау кезең-кезеңімен жүргізіледі және оны енгізу 2024 жылға жоспарланған. Бұл мектепке дейінгі ұйымдарға жұмысты сапа стандарттарына сәйкестендіру үшін уақыт берілетінін білдіреді.
Лицензия алу үшін балабақшалар ең төменгі біліктілік талаптарына сай болуы керек. Әңгіме жағдайдың сапасы, кадрларды іріктеу, бейнекамералар орнату, санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау және тағы басқа туралы болып отыр.
Бірінші кезеңде енді ашылып жатқан мектепке дейінгі ұйымдар лицензия алады. Бұл жылына шамамен 200-дей балабақша. Келесі кезеңде – қайта мемлекеттік аттестациядан өте алмаған мектепке дейінгі ұйымдар (жылына 10-15 балабақша). Содан кейін тәуекелді бағалау дәрежесіне байланысты қалған барлық жұмыс істеп тұрған балабақша өтеді.
Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарды ашуға бірыңғай талаптар жоқ. Балабақша ашқанда қандай жағдай жасалғанын, кімді жұмысқа алады, материалдық-техникалық жабдықталуы қандай екенін ешкім тексермейді. Кейбір жекеменшік балабақшалар тіпті ашылғаны туралы да хабарламайды. Балабақшаларды лицензиялау 2011 жылы тоқтатылған еді.
Ол кезде бұл балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде біз балабақшамен 100%-ға дейін қамтуға қол жеткіздік. Елімізде 11 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 5 мыңнан астамы жекеменшік. Енді біз сапа мәселесін бірінші орынға қойып отырмыз. Ешкім балабақша санын қысқартуды мақсат етіп отырған жоқ. Министрлікке ата-аналардан арыз-шағымдар түсіп жатыр. Егер балабақшаның жұмысы талапқа сай болса, онда ол еш қиындықсыз лицензия алады. Ал егер сәйкессіздіктер болса, оларды жою қажет. Міне бар-жоғы осы. Министрлік 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен лицензиялауды енгізеді. Балабақшадағы жұмысы сапалы жүріп жатқан кәсіпкерлерге қорқатын ештеңе жоқ. Қалыпты, талапқа сай жұмыс істеп жүрген балабақшалар лицензиялаудан қорықпайтынын ерекше атап өткім келеді. Рәсім толығымен автоматтандырылып, тұрақты түрде жұмыс істейді, – деді Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.
Балабақшаларды лицензиялау көптеген елде қолданылады. Олардың арасында Германия, Аустралия, Канада, Корея, Малайзия, Сингапур, Ресей бар. Мысалы, Германияда, Аустралияда және Канадада балалардың жағдайына қауіп төнсе немесе ұйымның жұмысы сапа стандарттарына сәйкес келмесе, онда лицензия қайтарып алынуы мүмкін.