Әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай өте тұрақсыз
Ұлттық банктің берген ақпаратына сай, халықаралық активтерге қатысты санкциялар Ресей Федерациясының Орталық банкін рубльдің құбылмалылығын төмендету үшін дәстүрлі валюталық интервенциялар жүргізу мүмкіндігінен айырды.
Мұның салдарынан бағамды тұрақтандыру мақсатында Ресей Қаржы министрлігі резидент экспорттаушыларды ішкі нарықтағы валюталық кірісінің 80%-ын сатуға міндеттеді. Бұл ретте енгізілген санкциялар мен Ресей банктерін SWIFT жүйесінен ажырату рубльдік валюта нарығын резиденттердің (Мәскеу биржасы) қатысуымен ішкі нарыққа және жаһандық нарыққа бөлді.
Олардың арасындағы баға белгілеу әртүрлі болуда. Рубль бағамының негізгі бағдаршысы болып табылатын Мәскеу биржасындағы рубльдің биржалық бағамы кеше бір АҚШ доллары үшін 105 рубль деңгейінде жабылды.
Рубль айтарлықтай құбылмалы болып, көбінесе нарық ықпалына және тәуекел-сентименттің өзгеруіне ұшырап, іргелі факторларды аз дәрежеде көрсетті.
Рубльмен салыстырғанда теңгенің құбылмалылығы айтарлықтай төмен көрсеткіштерді көрсетуде. Алайда, Ресей Қазақстанның негізгі сауда әріптесі екенін ескере отыра теңге бағамын белгілегенде рубльдің ықпалы айқын байқалады.
Ішкі валюта нарығындағы ахуалдың тұрақсыздануына жол бермеу үшін дүйсенбі, 28 ақпан, күні Қазақстан қор биржасында доллар-теңге жұбы бойынша сауда-саттық франкфурттық аукцион нысанында өткізілді. Оның қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің валюталық интервенциялары 98,1 млн АҚШ долларын немесе бір күнгі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 61,5%-ын құрады. Сейсенбіден бастап сауда-саттық штаттық режимде өтуде. 1-5 наурыз аралығында валютаға сұраныстың өсуіне байланысты Ұлттық Банк 534,3 млн АҚШ долларын сатты. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің 60%-ын (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15-00-де) құрайды, ал оның 414,3 млн сомасы Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін конвертациялауды және 120 млн сомасы валюталық интервенцияны құрады.
Ұлттық Банк айырбастау бағамының еркін өзгеру қағидаттарын ұстануды жалғастырады. Теңге бағамы бұдан былай да іргелі факторлардың әсерінен қалыптасатын болады. Бұл ретте қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы санкциялық риторикаға, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтағы серпінге байланысты болады.