Шымкент саси бастады. Дизель тапшылығынан жүк көліктері әр жерде қаңтарылып тұр
Жеке кәсіпкер Тұрмахан Әміровтың айтуынша, олар құрылысқа қажет материалдарды жеткізуде тапсырысты дер кезінде орындай алмай жатыр. Көп бекетте дизель мүлдем жоқ, тек ірі май құю бекеттерінде ғана болмаса. Бірақ, оның өзі шектеулі көлемде босатылып жатыр, делінеді Астана телеарнасының сюжетінде.
Үлкен бекеттер 100 литрден, кейбіреуі 50 литрден ғана береді. Мысалы, мен ертең көлікті Созаққа жіберуім керек, ал ол жаққа 300 литр "солряка" керек. Ал мен сол қажетті 300 литрді күні бойына анда-мында шапқылап, лимитпен құйып, жинауым керек. Жеке кәсіпкер Тұрмахан Әміров
Көлік жүргізушілердің сөзінше, бір айдан бері жағдай осындай. Сенбі-жексенбі күндері жағдай тіптен қиын.
Өте жағдай ауыр боп тұр. Әрбір бекетке барып кезекте тұрасың "соляркаға", 50 литрлеп береді. Онда да кезегіңді күтесің. Тура кезегің келген кезде бұл жерде лимит бітіп қалды деп "солярканы" бермей қояды. Сол жерде түнімен қонып қалатын кездер болады. Көлік жүргізушісі Темірхан Қобланов
Дизель тапшылығының зардабын қарапайым тұрғындар да көріп отыр. Қала көшелерінде тұрмыстық қалдықтар уақытылы алынбай жатыр. Әр үйдің алдында таудай үйілген қоқыс. Қолқаны алатын сасық иіс. Кемі үш аптадан бері осылай тұр.
«Өңірлік Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасының айтуынша, бұған ашықтық пен бақылаудың жоқтығы себеп.
Жоғарыдан, мұнай өңдеушілер, қор ұстаушылардан бастап тексеру керек. Солар қанша өңделіп жатыр, ол шыққан өнімдері қайда кетіп жатыр? Дұрыс бөлінбей жатыр!. Мәселенің бәрі осында ғой. «Өңірлік Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров
Ал қалалық кәсіпкерлік басқармасындағылар тапшылыққа күзгі жиын-терім мен жағармайдың уақытылы жеткізілмеуі себеп дейді. Дегенмен, "біз бағаны ғана бақылай аламыз" деген әкімдік өкілі мәселенің шешілетініне сенімді. Қоқыс тасымалдаушы компаниямен келісім шарт жасалып жатқанын айтты.