ҚР ИИДМ көмір бағасына қатысты жағдайға түсінік берді
Бүгінгі таңда Halyk Market платформасына өңірлік операторларды қосу жұмыстары жалғасуда. Қазір 428 өңірлік оператордың тек екеуі ғана осы платформа арқылы көмірді әлеуметтік бағамен саудалайды. Атап айтқанда, Қостанай облысы мен Алматы қаласында орналасқан операторлар. Ендігі кезекте платформаға қосылу үшін Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды және Жамбыл облыстары тарапынан өтінімдер келіп түскен.
Жергілікті атқарушы органдар Halyk Market қосымшасына өңірлік операторларды қосу бойынша жұмысты күшейтіп, бұл үрдісті цифрлық форматқа ауыстырулары қажет. Сондай-ақ халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі ақпаратты уақытылы ұсынып отыруды тапсырамын. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев
Индустриялық даму комитетінің төрағасы И.Оспановтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірлерге қажетті 9 млн тонна көмірдің 4 млн тоннасы жеткізілген. Бұл көрсеткіш жылдық жоспардың 44,3% құрайды. Қамтамасыз ету көрсеткіштері мен қажеттілік көлемінің төмендеуі жергілікті атқарушы органдардың жылыту маусымына халықтың жылдық жоспарлы қажеттілік көлеміне енгізген түзетулеріне байланысты екенін атап өткен жөн.
Айта кетерлігі, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында еліміз бойынша көмірдің бағасы айтарлықтай өсті деген ақпар тарады. Осыған байланысты ведомство басшысы еліміздің көмір разрездерінің өкілдерін жинап, ақпараттың анық-қанығын анықтады. Разрездердегі көмірдің құны өткен жылғы деңгейде сақталған.
Мәселен, Қазақстандағы ең ірі көмір өндірушілердің бірі "Шұбаркөл Көмір" АҚ бір тонна көмірді 5 500 теңгеден сатса, "Майкубен-Вест" ЖШС көмірді 6 105 теңгеден, ал "Қаражыра" АҚ тоннасына 8 300 теңгеден саудалайды. Бұдан басқа, географиялық орналасуы, тасымалдау әдісі және көмір маркасына байланысты құны тоннасына 8 мыңнан (разрезге жақын орналасқан елді-мекендерде) 21 600 теңгеге дейін ауытқиды.
Жалпы халықты қатты отынмен қамтамасыз ету үшін министрлік тарапынан бірқатар нақты шара қабылданған. Атап айтқанда, алдағы жылыту маусымы кезеңінде отын тапшылығын болдырмау мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жылыту маусымы кезеңінде автомобиль көлігімен көмірді елден тыс жерге шығаруды 6 айға шектеу туралы бұйрық қабылдады. Шешім көмір разрездерінің өкілдері және өңір әкімдіктерімен бірлесе отырып әзірленген.