Ұлттық экономика министрі ҚР мен Дүниежүзілік банк ынтымақтастығының нәтижелерімен бөлісті
Ұлттық экономика министрі және Қазақстаннан Дүниежүзілік банктің басқарушысы Әлібек Қуантыров өз сөзінде ҚР мен ДБ-ның әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған жобаларды жүзеге асырудағы жемісті ынтымақтастығының нәтижелерімен бөлісті.
Жиынға Қазақстанның, Швейцарияның, Польшаның, Сербияның, Әзірбайжанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркіменстанның және Өзбекстанның өкілдері қатысты.
"ҚР Үкіметі мен ДБ-ның 2025 жылға дейінгі Әріптестік туралы негіздемелік стратегиясында белгіленген инклюзивті өсуге жәрдемдесу, адами капиталды нығайту және экономиканы көміртексіздандыру сияқты ынтымақтастықтың басым бағыттары Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық көзқарасына сәйкес келеді". ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров
Министрдің айтуынша, Қазақстан Дүниежүзілік банкпен кешенді жобалар, соның ішінде инновациялық, адами капитал және ғылыми қызметті дамытуға бағытталған серіктестікті нығайтуға толығымен дайын. Сөз соңында ҰЭМ басшысы жиынға қатысушыларды 2023 жылғы 8–9 маусымда өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.
Сонымен қатар, министр Дүниежүзілік банк президенттігіне кандидат Аджай Бангамен кездесу өткізді. Тараптар ДБ процестерін бюрократиясыздандыру, сондай-ақ сатып алу рәсімдерін жеңілдету мәселелерін бірлесіп шешу қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, олар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгіледі.
"Қазақстан Дүниежүзілік банктің жүйелі институционалдық мәселелерді шешуде қажетті технологияларды, тәжірибе алмасуды және басқа да реформаларды қолдау жөніндегі бастамаларын құптайды", - деді министр.
Кездесу қорытындысы бойынша Дүниежүзілік банк экономиканы әртараптандыру және тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында өзара іс-қимылдың жаңа құралдарын, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру тетіктерімен таныстырды.