Қытаймен арада 30 күндік визасыз режимді қарастыратын құжатқа әлі қол қойылмаған – СІМ
Бүгінгі таңда "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы" құжат талқылану сатысында болып шықты.
"Бұл - екіжақты құжат, оған екі тарап қол қояды. Біз бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазір бұл жоба талқылану барысында. Сондықтан тағы да оқырмандарымызға бұл тек талқылау сатысындағы құжат жобасы екенін мұқият жеткізуді сұраймын. Оған әлі қол қойылмаған және ол заңды күшіне енбеген". Айбек Смадияров
Құжаттың жобасы талқылауға ұсынылғаннан кейін қазақстандықтар тарапынан қытайлықтардың көп бөлігі Қазақстанға лап қоюы ықтимал деген қауіп-қатер тұрғысында пікірталастар өрбіді.
"Қытай азаматтары Қазақстанға келіп алып, осында қалып қоюы мүмкін дегенге дәлелді негіз жоқ. Бұл ретте ҚХР азаматтары 2022 жылғы маусымнан бастап Қазақстанда визасыз жүруіне құқығы бар екендігіне назар аудартқым келеді, яғни олар визасыз біздің елімізде 14 күн жүре алады. Жұмыс істеу үшін қытайлықтардың бізге, анау айтарлықтай, ағыны байқалмайды". Айбек Смадияров
Смадияров атап өткендей, Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде қолайлы инвестициялық ахуалды қолдауға, іскерлік байланыстарды жандандыруға және елдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін визалық режимдерді ырықтандыру бойынша қадамдар жасап жатыр. Бұл Қазақстан экономикасына қосымша қаржы ағынын тартуға және азаматтарымыз үшін жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
"Қазақинвест" АҚ деректері бойынша Қытай Қазақстанға жалпы тікелей инвестициялар деңгейі бойынша 7-орында тұр. Мәселен, 2022 жылы бұл көрсеткіш 1,4 миллиард АҚШ долларын құрады.
"Келісім жобасының талаптарына сәйкес, ҚХР азаматтары жеке істер, туризм, емделу, халықаралық тасымалдар, транзит, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыруда визалық талаптардан босатылады. Мемлекеттік шекарадан өткен сәттен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын кезеңге Қазақстан аумағына бір немесе бірнеше рет кіріп-шығып, уақытша бола алады. Барлығы - 180 күнтізбелік күн ішінде 90 күнтізбелік күн". Айбек Смадияров
Ол шетелдік азаматтарға, оның ішінде Қытай азаматтарына аталған визасыз режим шеңберінде еңбек немесе өзге де ақы төленетін қызметті жүзеге асыруға тыйым салынатынын атап өтті.
2022 жылы 8 шілдеден бастап Қазақстан Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін біржақты тәртіппен 14 күнге визасыз режим ашты.