Қазақ-қырғыз шекарасындағы көлік кептелісіне қатысты жағдайды ЕЭК делегациясы зерттеді
Сурет: pixabay
Еуразиялық экономикалық комиссияның мониторинг тобы 24 тамызда қырғыз-қазақ шекарасында болып, қырғыз халықаралық тасымалдаушылардың автожол өткізу пунктінен өтуі барысымен танысты, деп хабарлайды Zakon.kz комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
"Қырғыз тарапы мониторинг тобына Қазақстан тарапындағы бекеттің өткізу қабілетінің айтарлықтай төмендеуіне байланысты автокөліктердің біршама көлемде тұрып қалғанын көрсетті", делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ЕЭК 24 тамыздағы жағдай бойынша қазақстандық тарап жүк автокөлік құралдарын өткізуді сағатына екі-үш көліктен сегіз-тоғыз көлікке дейін ұлғайтқанын атап өтті.
ЕЭК жағдайға мониторинг жасауды жалғастырады.
Алдында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан мен Қырғыз Республикасының шекарасында жүк көліктерінің неліктен ұзын-сонар кезегі пайда болғанын түсіндірген болатын. Оның айтуынша, ол арада есірткі заттарын анықтау бойынша операция жүргізілген. Өз кезегінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақ-қырғыз шекара учаскесі штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын нақтылады.
"Қандай да бір шектеулер енгізілмеді, өткізу пункттері, оның ішінде қазақ-қырғыз шекара учаскесі штаттық режимде жұмыс жасауда. Тексеру уақытының регламенттік нормативтері қатаң сақталуда және автокөлік құралдарын өткізу деңгейі қазіргі маусымға тән күнделікті көрсеткіштер аясында", деп хабарлады ҚР ҰҚК.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript