Тоқаев импортқа сүйеніп, көзбояушылық жасайтын ірі компанияларды сынға алды
"Еліміздегі компаниялардың төрттен бірі ғана ашылғаннан кейін екінші жылы нарықта қалады. Салыстырар болсақ, бұл көрсеткіш басқа елдерде 70-80 пайызға тең. Көп жағдайда бұл Қазақстандағы бизнес-ахуалдың әлі де жетілмегенін көрсетеді", деп Ақорда баспасөз қызметі Мемлекет басшысының отандық бизнес өкілдерімен кездесуі кезіндегі сөзін келтіреді.
"Бірақ мұның басқа да аспектілері бар. Мәселен, қазіргі жағдайда көптеген ел ішкі нарықты қорғау және қолдау шараларын белсенді қолданып жатыр. Осы озық тәжірибені батыл әрі кеңінен меңгеруіміз керек. Мен мұны Үкіметке айтып отырмын. Екінші жағынан, Қазақстанда өндірістің жергілікті үлесін арттыру үшін қолайлы жағдай жасалған. Салықтық преференциялар мен жеңілдетілген несиелендіру беріледі, сондай-ақ өнімді өткізу бойынша көмек көрсетіледі. Алайда тауар өндірісінің жергілікті үлесі әзірге төмендеу. Шын мәнінде, біз импортты субсидиялау ісін жалғастырып жатырмыз. Бұл өндірістің бастапқы қалыптасу сатысындағы табиғи құбылыс екенін түсінемін". Мемлекет басшысы
Сондықтан Президент аталған мәселеге "өсім дерті" ретінде қарайтынымызды айтады. Ештеңе болмағаннан гөрі, осындай өндірістің болғаны дұрыс. Алайда Үкімет өндірістің жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесімен мұқият және жан-жақты айналысуға тиіс.
"Кейбір компаниялар жергілікті қамту үлесіне еңбекақы төлеу қорын, коммуналдық қызметтерге және жарнамаға жұмсалған шығындарды қосатын жағдайға жетті. Мұндай көзбояушылықтың бізге қажеті жоқ. Бұл жерде "Атамекен" палатасының рөлі анағұрлым белсенді әрі пайдалы болуға тиіс. Бұл ретте ірі өндіріс орындарын отандық жабдықтарды, тораптарды және бөлшектерді пайдалана отырып, өнім шығаруға ынталандыратын кооперация қағидатын белсенді қолдану қажет. Машина жасау саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары ірі бөлшектерден емес, ұсақ бөлшектерден өнім құрастыратын аралас өндірістерді ашуға кезең-кезеңімен бейімделуі қажет". Қасым-Жомарт Тоқаев
Жалпы, Мемлекет басшысы мемлекеттік тапсырыстарды алатын және мемлекет қолдауына ие болатын барлық ірі кәсіпорындар, негізінен, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға тиіс екенін баса айтады.
"Елде осы өнімнің баламасы болмаған жағдайда ғана импортқа рұқсат етіледі. Яғни импортты тұтынушы компанияға немесе олардың шетелдік серіктестеріне 2-3 жыл ішінде осындай өндірісті Қазақстанда іске қосуы немесе іске қосуға көмектесу жөнінде міндетті шарт қойылуы қажет. Әрине, бұл экономикалық тұрғыда негізделген жобаларға ғана қатысты", - дейді Президент.
Мемлекет басшысы мұнай сервисі саласы отандық экономиканы әртараптандырудың және өсімді қамтамасыз етудің негізгі тетігі болуы керектігін қадап айтты. Қазір Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы жобаларды жобалаумен (инжиниринг) басқа мемлекеттер айналысып жатыр. Бұл Теңіз кен орнын келешек кеңейту жобасына да қатысты. Жобалық шешімдерде импорттық материалдар мен құрылғылар есепке алынатыны түсінікті. Бұл отандық өндірушілердің мұнай-газ саласындағы жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейді.
"Ірі жобалардағы (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) тауарлардың жергілікті үлесі 5 пайызға да жетпейді. Үкімет жергілікті инженерлер мен компанияларды міндетті түрде тарта отырып, жобалық дизайн-кеңселерді Қазақстанға көшіруге ықпал етуге тиіс. Бұл ретте шетелдік серіктестер алдындағы келісімшарттық міндеттемелерді бұзу туралы әңгіме болмауға тиіс екенін арнайы атап өткім келеді. Біз ірі шетелдік компаниялармен бұған дейін жұмыс істеп келдік және алдағы уақытта да жұмыс істей береміз". Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент айтуынша, шын мәнінде, бұл – біздің ұзақмерзімді стратегиямыз. Сонымен қатар біздің де талаптарымыздың ескерілгенін қалаймыз. Отандық мұнай сервисі компанияларына қаржылай қолдау көрсету мәселесін шешу керек.
"Мұнай-газ корпорацияларымен қол қойылған келісімшартты кепіл ретінде қарастыра отырып, қазақстандық компанияларды банк арқылы қаржыландыру бойынша нақты шаралар қабылдау керек", - дейді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының айтуынша, қаржы саласын реттеуші органдар бұл мәселе бойынша шешім қабылдауы қажет. Теңіз кен орнын болашақ кеңейту жобасының аяқталуына байланысты мұнай сервисі саласында ондаған мың адам жұмыстан босатылады.
"Отандық мамандарды Қатар және Сауд Арабиясы сияқты елдерде жұмысқа орналастыруға болады. Халықаралық мұнай-газ жобалары аясында отандық компанияларды қолдау және ілгерілету әлеуметтік мәселені шешіп қана қоймайды, сондай-ақ валюталық түсімді айтарлықтай арттырады. Мұндай тәсіл әлемде кең тараған. Үкіметке отандық мұнай сервисі компанияларына шетелге жол ашу үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын. Бұл мәселені шешумен өз деңгейінде айналысып жүрген салалық бизнес пен қауымдастықтың әлеуетін барынша жұмылдыру керек".Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент бүгінде шетелдік компаниялар отандық тауар экспорттаушыларды дәстүрлі өткізу нарықтарынан ығыстырып жатқаны байқалатынын жеткізді.
"Мысалы, бұл Иранға жеткізілетін Қазақстан астығына қатысты айтылып отыр. Осындай қауіп Ауғанстан мен Орталық Азия бағытында да бар", - дейді Мемлекет басшысы.
Қазақстанмен көршілес елдердің ұлттық валютасының жағдайы еліміз үшін маңызды тауар түрлері бағасының құбылу ықтималдығын күшейте түсті. Үкіметте ұлттық экономика үшін маңызды саналатын астық және басқа да тауарлар бойынша ішкі нарықты тұрақтандырудың нақты әрі ашық алгоритмі болу керек.
"Белгіленген баға бойынша ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алуға, жанар-жағармай импортына тыйым салуға, тауар басқыншылығына, экспортқа немесе квотаға тыйым енгізуге қатысты қандай жағдай болсын, бизнес мемлекеттің бағаны тұрақтандыру тетіктерінің қандай түрін қолданатынын анық түсінуге тиіс". Қасым-Жомарт Тоқаев
Салалардың басымдығына, жобаның маңыздылығына және оның экономикаға әсеріне қарамастан, орта мерзімді преспективада кәсіпорындарды қолдаудың нарықтық емес механизмдерінен, әсіресе, жаппай субсидиялаудан кезең-кезеңмен бас тарту керек.
"Кепілдік беру механизміне және қаржылай қолдаудан тыс шараларға көшкен жөн. Мемлекеттік реттеу мен шектеулердің орнын сұраныс пен ұсыныстарды "оңтайлы басқару" алмастыруға тиіс. Осы ретте Азық-түлік корпорациясының әлеуетін толық пайдалану қажет. Мен бұл туралы Жолдауымда айттым". Қасым-Жомарт Тоқаев
Айта кетсек, Президент аталған кездесуде экономиканы ынталандыратын әділ салық саясатын жүргізу қажеттігін баса атап өтті.