Қазақстан мен Таиланд инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
2023 жылы Қазақстан мен Тайланд арасындағы тауар айналымы 367 млн долларға жетті. Тараптар Корольдікке жеткізілетін отандық агроөнеркәсіп кешені тауарларының түрлерін кеңейту мүмкіндігін қарастырды. Атап айтқанда, Қазақстан ет, көкөніс пен жеміс, дәнді дақылдар, ұн өнімдерін, өсімдік майларын және басқа да АӨК өнімдерін экспорттауға мүдделі.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және дистрибуциялаудың тиісті инфрақұрылымы бар ұлттық тауар өткізу жүйесін дамытып жатырмыз. Бұл біздің елімізде агро азық-түлік хабын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Осы мәселеде Қазақстан мен Тайланд арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің келешегі зор әрі бұл екі жаққа да тиімді", — деп Олжас Бектенов Қазақстан мен Тайландтың тиісті инвестициялық жобаларды іске асырудағы кең мүмкіндіктерін атап өтті.
Өз кезегінде, Пхамтум Вечайячай Тайланд пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға сенім білдірді.
"Бүгін таңертең біз экономикалық өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойдық. Бұл құжат әртүрлі салалардағы, соның ішінде сауда, экономика және инвестициялардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді деп санаймын", — деді Пхамтум Вечайячай.
Кездесу барысында Тайланд Үкіметінің Қазақстан азаматтарына визасыз режим ұсынуымен қатар, туризм саласындағы қатынастардың оң даму динамикасы атап өтілді. Пхукетте Консулдық пунктінің ашылуы Тайланд аумағында жүрген қазақстандықтарға қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Транскаспий бағытын дамыту аясында Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану мүмкіндігі талқыланды.
Кездесу соңында тараптар екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ниет білдірді.