Кенесары ханға тиесілі қасиетті Құран кітабына реставрация жасалады
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Telegram-дағы парақшасында жазды.
Бүгін нағыз тарихи оқиға болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына Кенесары ханға тиесілі қасиетті Құран кітабы табысталды. Кенесары Қасымұлы көрнекті дін және қоғам қайраткері Марал ишаннан алған құнды қолжазбаны табыстау рәсімі болды.
Мәдениет және спорт министрі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қасиетті кітапты Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына табыс еткенін жеткізді. Құранға Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі қойылған. Ал оның түпнұсқа екенін отандық және шетелдік бірқатар ғалым дәлелдеген.
"Мәдениет және спорт министрлігін алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Алдымен ҚР МСМ жанындағы Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы қасиетті кітапқа реставрация жасайды. Осыдан кейін кітаптың 4 көшірмесі дайындалып, күзде жәдігер Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде өзінің құрметті орнына қойылуы тиіс. Кенесары ханға тиесілі Құран кітабының елге оралуы – ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз бен ғылымымыз үшін аса маңызды оқиға. Рухани мұрамыз саналатын құнды қазынаны көзіміздің қарашығындай сақтау әрқайсымыздың асыл парызымыз болуға тиіс", делінген министр жазбасында.
Айта кетсек, бүгін Кенесары ханның Құраны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тапсырылғаны хабарланған болатын.