Әл-Фараби қолжазбасының көшірмесі жарыққа шықты
Ұлы ойшылдың бірегей қолжазбасы Түркияға жұмыс сапары кезінде Сүлеймания кітапханасынан табылды. "Музыка саласына кіріспе" еңбегі 1257 жылдың 3 маусымында жарық көрген. Араб тілінде жазылған қолжазба 243 беттен тұрады. Аталған туынды бүгінге дейін толық зерттелмеген. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді.
Реставратор маман Жансерік Бейсенқұловтың айтуынша, қолжазбаның көшірмесі табылғаннан кейін үш аптада басып шығарылған. "Музыкалық салаға кіріспе" қолжазбасы үш бөлімнен тұрады. Еңбекте музыкалық өнердің принциптері, негізгі терминдер және музыка пәні қамтылған. Кітапта музыкалық аспаптар мен әр түрлі әуендердің шығармаларына, категориясына және басқа да аспектілеріне кеңінен тоқталған.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары 2022 жылы "Архив-2025" жобасы аясында Ресей, Татарстан және Башқұртстан Республикалары, Түркия, Венгрия, Үндістан, Иран Ислам Республикасы, Мысыр және Катар мемлекеттеріне 11 ғылыми-іздестіру жұмысын жүргізді. Олар тарихи құжаттарды зерттеу және сақтау бойынша түрлі жобаларды іске асырды.
Мамандар отандық және шетелдік архивтер мен музейлерден кітапханалар мен ғылыми орталықтардан Қазақстан тарихы бойынша құжаттар мен материалдарды іздеу-анықтау, көшірмесін алу жұмысын істеп, тарихи құжаттардың көшірмесін елге әкелді.
ҚР МАМ архив, құжаттама және кітап комитетінің төрағасы Қуат Бораштың айтуынша, қазір тарихымыздың ақтаңдақ беттерін түгендеп, тың деректермен толықтыру мақсатында елге жеткізілген қолжазбалар мен архивтік құжаттар мамандардың қатысуымен зерттеліп жатыр. Барлық құжатты ғылыми айналымға енгізу жоспарланған.