Қазақстан компаниялары IPO-ға шықса, экономикаға қандай пайдасы болады
Ірі компаниялар өзінің акциясын жария түрде сатуын IPO деп атайды. Initial Public Offering сөзін тікелей аударсақ, "бастапқы жария ұсыныс" деген сөз тіркесі шығады. IPO - компанияның немесе инвесторлардың қор нарығында жеке компанияның акциясын сату процесі. Нәтижесінде компания ашық, ал акциялар инвесторлардың кең ауқымына қолжетімді болады.
– IPO ірі компанияларға белгілі бір табыс, пайда әкеледі деп айтылады. Ал IPO қарапайым инвесторға және сол азамат тұратын елге, экономикаға қандай пайдасын тигізе алады?
– IPO қарапайым инвесторларға шетелдік емес, өзінің, отандық және инвестициялауға қолайлы компаниядан табыс алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұнығ арқасында инвесторлар бағалы қағаздар нарығына кіріп, ұзақ мерзімді кәсіби портфелін құрып, бастай алады.
IPO-ға шығатын компаниялар әртүрлі болады. Олар бір-бірінен экономикалық секторына, даму деңгейне байланысты ерекшеленеді.
Қазақстан туралы айтсақ, әдетте, дивиденд төлей алатын, қазірдің өзінде ірі және қалай жұмыс істейтіні көпке түсінікті компаниялар IPO-ға шығады.
– IPO неліктен Қазақстанда бұған дейін танымал болмады? Қазақстан компанияларының мұндай нарыққа шықпауына нақты бір себеп айта аламыз ба?
– Бұл түрлі себепке байланысты. Бірінші себеп ретінде қор нарығы қазақстандықтардың күнделікті өміріне тереңдеп енбегенін айтуға болатын шығар. Екіншіден, қоғамда инвестициялық қызметтердің қатты танымал емес болуы да - себеп. Бірақ кейінгі жылдары бұл жағдай жақсы жаққа қарай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде оң өзгеріс бар. Сонымен қатар мемлекет те бағалы қағаздар нарығын дамыту қажет екенін түсіне бастады.
– Қарапайым азамат ретінде бұл үрдіске қалай қатыса аламыз? Қанша теңгеден бастауға болады?
– IPO-ға қатысу үшін Қазақстанның кез келген брокерлік компаниясынан брокерлік шот ашу қажет. Қазақстан компаниясы IPO-ға шығар кезде акцияларды сатып алуда басымдық бірінші кезекте ел азаматтарына беріледі. Жалпы комиссияны ескере отырып, 50 000 теңге немесе одан жоғары сомамен бастауға болады.
– "Қазмұнайгаз" IPO-ны бастаса, компанияда қандай өзгерістер болуы мүмкін? Оның акциясын шетелдіктер көп сатып алса, ұйым сол елдің қолына өтіп кетпей ме?
– Компания шетелдіктердің қолына өтіп кетпейді. "Қазмұнайгаздың" барлық 100% акциясы мемлекетке тиесілі және олардың кішкентай ғана бөлігі IPO-да сатылады. Тұтастай алғанда, IPO-дан кейін ҚМГ қызметіндегі өзгерістер оң болуы керек. Өйткені компания одан әрі инвесторлардың назарында болады.
– Компания IPO-ны жүзеге асырса, ол акциялар туралы есебін ашық түрде жариялай ма?
– "Қазмұнайгаз" акциялары Қазақстан қор биржасы мен АХҚО биржасының листингіне енгізілгеннен бері компания өз қызметіне қатысты қаржылық және басқа да ақпаратты жариялауға міндетті болады.
– Отандық компаниялар IPO-ға шыға бастаса, алаяқтар да айласын асыруы мүмкін бе? Халық алаяқтарға алданбауы үшін не істеуге болады?
Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстанда алаяқтардың саны артып, өте белсенді жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік органдар олармен күресіп жатыр. Сонымен қатар азаматтар да қаржы сауатын арттырып, тек сенімді адамдар мен ресурстарға жүгінуі керек. Қазір бағалы қағаздар нарығында Қазақстанның реттеуші органдарынан тиісті лицензияларын алған қатысушылар ғана жұмыс істейді, - деп жауап берді Jusan Analytics аналитигі Мейіршат Төремұратова.