Қазақстан азаматтары үшін қажылық сапары арзандауы мүмкін
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, келіссөзде биылғы үлкен қажылық сапарын сапалы ұйымдастыру мәселесі сөз болды. Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандық қажыларға қолайлы жағдай жасау бойынша министрге ұсынысын айтты.
Бас мүфти Қазақстан қажыларын жеткізетін әуе тасымалының қызмет құнын халыққа тиімді бағада бекіту, отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қонақүй бағасына барынша жеңілдік беру, қызмет сапасын арттыру, төлем жасау жүйесін жеңілдету мәселесіне баса назар аударды.
"Аллаға шүкір, біздің елімізде қажылық парызын орындауға ниет білдірушілер саны жылдан жылға артып келеді. Біздің мақсат – қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру. Қазақстан қажылық миссиясы осы бағытта нәтижелі жұмыс істеп келеді. Сіздер тараптан қызмет көрсету бағасына жеңілдіктер жасалса деген тілегіміз бар. Бұл қадам біздің қажыларға үлкен қолдау болар еді", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ал Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа қазақстандық қажыларға министрлік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Былтыр елімізден 4 мың адам үлкен қажылығын өтеп келді. Отандастарымызға 14 туристік компания қызмет көрсеткен.