ҚР ҰБ басшысы: Қазір базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұру маңызды
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, жылдық және айлық инфляция да, экономикалық өсу динамикасы да базалық болжам траекториясы шегінде қалыптасып отыр.
"2022 жылдың желтоқсан айындағы жылдық инфляцияның артуы алдыңғы шешімде ескерілген болатын. Осыған байланысты Ақша-кредит саясаты комитетінің соңғы отырысында базалық мөлшерлемені қайта қарау қажеттілігі болған жоқ". Ғалымжан Пірматов
Сондай-ақ ол тәуекелдер балансы әлі де жоғары инфляция жағына ығысып отырғанын баса атап өтті.
"Инфляцияның орнықты бөлігі мен тарихи максимумды жаңартқан инфляциялық күтулер бұрынғыдай алаңдаушылық туғызып отыр. Логистикалық жеткізу жолдарының құрылымдық өзгеруі де экономикаға кері әсер етуде. Инфляция траекториясын төмендету және оны сол күйінде ұстап тұру – біздің негізгі міндетіміз". Ғалымжан Пірматов
Ол инфляцияның жоғарылауына себеп болатын негізгі тәуекелдер мен факторлар базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт ішінде ағымдағы деңгейлерде ұстап тұруды талап ететінін де жеткізді.
"Инфляцияның орнықты бөлігінің жоғары болып қалуы да алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл проинфляциялық ортаның сақталуын көрсетеді. 2022 жылдың соңындағы маусымдық факторды ескермегендегі базалық инфляцияның жылдық көрсеткіші 22,2%-ды құрады", - деді ҚР Ұлттық банк басшысы.
Пірматовтың айтуынша, экономиканың өсу траекториясы базалық сценарийге сәйкес қалыптасуда.
Ұлттық статистика бюросының алдын ала бағалауына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 3,1%-ға артты. Іскерлік белсенділіктің өсуіне негізінен елдің тауар өндірісіндегі оң динамика себеп болды.