Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша қандай шешім қабылдады

ҚР Ұлттық банкі, базалық мөлшерлеме, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.07.2023 13:43 Сурет: Zakon.kz
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Жаһандық инфляциялық қысым бәсеңдеп келеді, бірақ бірқатар елде инфляция әлі де орнықты күйінде қалып отыр. Осыған байланысты дамыған елдердің орталық банктері монетарлық саясатты қатаңдатуда. Қазақстанда инфляцияның жылдық және айлық мәндері де баяулап келеді", – деді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банктің мәліметінше, тәуекелдердің жиынтық балансы, негізінен, сыртқы сектор жағынан қысымның әлсіреуінен дезинфляциялық факторларға қарай аздап ығысқан күйде сақталуда. Алайда, базалық инфляцияның әлсіз баяулауы және инфляциялық күтулердің өсуі байыпты монетарлық саясатты іске асыруды талап етеді.

"Ұлттық банктің алдыңғы коммуникацияларына сәйкес, инфляцияның баяулауы болашақта базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуге жағдай жасай бастады. Осыған байланысты болжамды раунд нәтижелері бойынша қабылданатын келесі шешім аясында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені байыппен төмендетудің орындылығын бағалайды".ҚР Ұлттық банкі

Жылдық инфляция болжамды диапазон шегінде қалыптасуда және 2023 жылғы маусымда 14,6% болды. Айлық инфляция мамырда төмендеу үрдісін қайта жалғастырып, маусымда 0,5%-ға дейін баяулады. Жанар-жағармай бағасы көтерілуінің жанама әсері әлі байқалмайды. Алайда, базалық инфляция көрсеткіштерінің әлсіз баяулауы экономикада орнықты сұраныстың сақталғанын көрсетеді.

"Инфляцияның баяулауына қарамастан, инфляциялық күтулер жеделдеуде. Бір жылдан кейін күтілетін инфляция маусымда 17,2% (мамырда – 17%) болды. Сезілетін инфляция маусымда 18,8%-ды құрап, бұрынғыдай жоғары күйінде қалып отыр. Байқалып отырған инфляциялық күтулердің өсуі жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық қызмет бағаларының көтерілуіне болжанған реакция болып саналады".ҚР Ұлттық банкі

Орталық банк өкілдерінің мәліметінше, сыртқы инфляция баяулауын жалғастырғанмен, әлі де орнықты қалпында. Бұл азық-түлік пен қуат көзіне деген әлемдік бағалардың төмендеуі аясында орын алып отыр. Алайда инфляцияның орнықтылығына және оның нысаналы бағдарлардан ұзағырақ уақыт бойы жоғары болып қалуын күтуге байланысты кейбір орталық банктер ақша-кредит шарттарын қатаңдатуды жалғастырып келеді.

АҚШ ФРЖ мен ЕОБ риторикасы қатаңдап, негізгі мөлшерлемелердің одан әрі көтерілетінін білдірді. Орталық банктердің саясаты Қытай экономикасының баяу қалпына келуі аясында әлемдік рецессияға алаңдаушылықты күшейтіп, мұнай бағасына қысым жасап отыр. Мұнай нарығында құбылмалылық бар. Осының салдарынан қазіргі уақытта мұнай бағасы базалық сценарийдегі 2023 жылғы орташа есеппен 1 баррель үшін 82 АҚШ доллары деңгейінен төмен қалыптасып отыр.

"Экономиканың өсу траекториясы Ұлттық банктің болжамына сәйкес келеді. 2023 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстанның экономикасы 4,5%-ға өсті. Инфрақұрылымдық ғимараттарды қоса алғандағы құрылыс көлемінің артуы, сауданың өсуі, сондай-ақ ақпарат пен байланыс ЖІӨ-нің өсуіне негізгі үлес қосты. Ішкі тұтынушылық сұраныс жоғары инфляциялық күтулер мен тұтынушылық кредиттердің тұрақты өсуі аясында орнықты қалпында қалды. Бұған бөлшек сауда тауар айналымының динамикасы мен тұтыну тауарлары импортының айтарлықтай өсуі дәлел".ҚР Ұлттық банкі

Проинфляциялық тәуекелдер, негізінен, ішкі факторлар жағынан сақталуда. Инфляциялық күтулер жоғары және құбылмалы қалпында. Бұл елдегі жоғары проинфляциялық жағдайды көрсетеді. Фискалдық ынталандырудың күшеюі жағынан елдегі бағаларға қысым сақталады. Сыртқы ортаның тәуекелдері әлемдегі инфляцияның мейлінше ақырын баяулауына және белгісіздіктің өсуіне байланысты. Бұл ақша-кредит саясатын жүргізуде байыпты тәсілді қажет етеді.

"Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі инфляциялық процестердің баяулауын қолдауға, мемлекеттік шығыстардың өсуін ішінара теңестіруге және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде тұрақталуын алдын алуға мүмкіндік береді. Дегенмен Ұлттық Банктің алдыңғы шешім бойынша коммуникацияларында айтылғандай, инфляцияның байқалып отырған баяулау үрдісі базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуге жағдай жасай бастады. Осыған байланысты болжамды раунд нәтижелері бойынша келесі шешім аясында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені байыппен төмендетудің орындылығын бағалайды. Ұлттық Банктің шешімдері базалық мөлшерлемені ортамерзімді болашақта инфляция бойынша 5% мақсатына біртіндеп жетуге мүмкіндік беретін деңгейде ұстап тұруға бағытталады".ҚР Ұлттық банкі

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 25 тамызда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: