"Қазпошта" ресейлік "Юнистрим" жүйесінің аударымдарына уақытша қызмет көрсетпейтін болды
Бұл ақпаратты ұйымның байланыс орталығы растап, бұл уақытша шешім екенін айтты. Бұл шараны қолдануға АҚШ салған санкция себеп болған.
"Юнистрим" төлем жүйесі Ресейде 2012 жылы тіркелген. 2015 жылдың ақпанында Ресей Банкі оны мемлекеттік маңызы бар деп таныды. Қазір "Юнистрим" Ресей ішінде, сондай-ақ Армения, Қазақстан, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Вьетнам, Греция, Грузия, Израиль, Кипр және Моңғолия бойынша аударым жүргізеді. Сондай-ақ жүйеде бүкіл әлем бойынша 150 мыңнан астам қолма-қол ақшаны беру пункттері бар.
20 шілдеде АҚШ Ресейге қарсы санкциялар тізімін жаңартты. "Юнистримнен" бөлек тізімге "Солидарность", "Локо Банк", "Санкт-Петербург әлеуметтік коммерциялық банкі" және "Тинькофф банк" кірді.