2024 жылы 18 жасқа толатындар Ұлттық қордан қанша ақша алады
Отбасы банктің ақпараты бойынша, алғашқы төлемдер 2024 жылы 18 жасқа толатын балаларға беріле бастайды, яғни олар "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясындағы мақсатты жинақтарды бірінші болып алады.
Естеріңізге сала кетейік, бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады, содан кейін 18 жылдағы инвестициялық табыстың 50%-ы бала санына қарай бөлінетіні ескеріле отырып, бір балаға шаққандағы аударымдар мөлшерін есептеу мен анықтауға шамамен бір ай қажет болады.
Бұл бағдарламаның қазақстандықтар үшін ыңғайлылығы сонда, олардан арнайы шот ашу немесе құжаттар жинау талап етілмейді. Әрбір балаға "Жеке тұлға" мемлекеттік мәліметтер базасы деректері негізінде автоматты түрде БЖЗҚ (enpf.kz) арқылы жеке шот ашылады. Егер баланың әке-шешесі ажырасып кетсе — онда қосымша құжаттар немесе сол сияқты анықтамалар талап етілмейді.
Бағдарлама аясында алынған қаражатты кәмелеттік жасқа жеткен қазақстандықтар ЖОО мен колледждердегі оқу ақысын төлеуге, сондай-ақ тұрғынүй жағдайын жақсартуға жұмсай алады. Егер 18 жасқа толған азамат қаражатын рұқсат етілген мақсаттарға қолдануды қаламаса, онда ақша шотында 10 жыл сақталады. Осы мерзім аяқталған кезде жинақ алушының зейнетақы шотына аударылады.
"Отбасы банк – осынау ауқымды, әлеуметтік маңызға ие елдік жобаға тартылған операторлардың бірі. Біз оған белсенді түрде дайындалып жатырмыз. Қазірдің өзінде бізде ыңғайлы интерфейсі бар enpf-otbasy.kz платформасы дайын. Осы платформаның көмегімен 18 жасқа толатын жоба қатысушылары өз жинақтарын екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге бағыттай алады", – дейді Отбасы банк Басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Сондай-ақ Банк басшысы 2024 жылға арналған басқа да жоспарларымен бөлісті.
"Біз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне құжаттар тапсырдық. Жылдың басынан бастап білім беру депозиттерін ашуға және оларға қызмет көрсетуге лицензия алуды және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне (МБЖ) қатысуды жоспарлап отырмыз. Бұл біздің еліміздегі қазірдің өзінде жүзеге аса бастаған және ата-аналарға балаларын оқытуға қаражат жинауға септесетін тамаша жүйе. Өйткені, дүниеге жаңадан сәби келген сайын, әрбір отбасы осы ұлыма, яки қызыма қандай білім беремін деп ойланатыны анық. Мейлі, шетелдік оқу орны бола ма, әлде қазақстандық институт ма, бала болашақта грантқа оқуға түсуге дайындалуы мүмкін. Сол сияқты әке-шешесі де баласында қандай да бір қаржылық тұрақтылық, демеу болуы үшін қосымша жинақтарды қарастырып жүруі мүмкін. Мен оның барлық мәні мен маңызын түгендеп отырмай-ақ, бірақ білім депозиттері бойынша өте жақсы жағдайлар туғызылатынын айтайын. Егер бала өздігінше грантпен оқитын болса, онда осы білім депозитін мемлекеттік сыйақымен қоса өзіне ала алады", – дейді Ләззат Ибрагимова.
Банк жетекшісінің пікірінше, "Ұлттық қор балаларға" жобасы аясындағы мақсатты жинақтарды қайда жұмсауды таңдау барысында, оны білім алуға пайдаланған жөн.
"Меніңше, бәрінен де маңыздысы білім, жақсы мамандық кейін жақсы үй сатып алуға да жол ашады. 2024 жылы бәріңізді Отбасы банкте күтеміз. Бізде қызықты жобалар өте көп болады, және біз өзіміздің сүйікті қазақстандық отбасылармен жұмыс істеуді жалғастырамыз. Біздің банк бекерге Отбасы аталмаған. Алдағы жылы барша қазақстандықтарға бейбітшілік, береке және отбасының жылулығын тілеймін", – деп сөзін аяқтады Ләззат Ибрагимова.
Алем Максудов