KASE қарашадағы биржа нарығының нәтижелерімен бөлісті
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) деректерге жүгінсек, 2024 жылдың қараша айының қорытындылары бойынша акциялар нарығын капиталдандыру 32,6 трлн теңгені (63,6 млрд USD) құрады, бұл өткен айдың осындай көрсеткішінен 961,7 млрд теңгеге немесе 3,0% жоғары. Сондай-ақ сауда-саттықтың ең көп көлемі "Қазақтелеком" АҚ жай акцияларына тиесілі – 6,5 млрд теңге (индекстелген акциялармен сауда-саттықтың жалпы көлемінің 35,6 %-ы).
Жалпы, қараша айының қорытындысы бойынша ең үздік өсім құнына 12,9% қосқан "Қазақстан Халық Банкі" акциялары бойынша тіркелді. Қаржылық есепке сәйкес, банктің 2024 жылғы тоғыз айдағы таза пайдасы 18,3%-ға, яғни 638,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды, ал таза пайыздық маржасы 6,3%-дан 7,1%-ға дейін өсті.
Айдың қорытындысы бойынша көшбасшы акциялар тізіміндегі екінші орында -12,5% нәтижеге ие "Қазақтелеком" акциялары. Қаржылық есеп бойынша аталған компанияның 2024 жылдың тоғыз айындағы табысы 5,0%-ға, яғни 364,3 млрд теңгеге дейін өсті, ал таза пайдасы 40,5%-ға, яғни 53,1 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Есептілік кезеңдегі үздік үштікті "БанкЦентрКредит" түйіндейді, оның акциялары 10,8%-ға өсті. Ұсынылған деретерге сәйкес, банктің 2024 жылғы тоғыз айдағы таза пайдасы 39,2%-ға, яғни 144,3 млрд теңгеге дейін ұлғайды, ал таза пайыздық кірістері 41,8% - ға, 212,8 млрд теңгеге дейін өсті.
Қараша айының соңында KASE сауда-саттық тізімінде 84 эмитенттің 99 атаудағы акциялары болды, оның ішінде екі эмитенттің екі атаудағы акциялары Листингілік емес бағалы қағаздар секторында айналысқа жіберілді.
Қараша айында акциялармен сауда-саттық көлемі 22,0 млрд теңгені құрап, қазан айымен салыстырғанда 21,4 % немесе 3,9 млрд теңгеге өсті. Қараша айында акциялар сауда-саттығы тек қайталама нарықта өткізілді. Сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 1,0 млрд теңгені, мәмілелердің орташа күндік саны – 8 831, бір мәміленің орташа көлемі – 118,6 мың теңгені құрады.
Инвесторлардың негізгі санаттарының ішінде қайталама нарықта жеке тұлғалардың үлесіне акциялармен жасалған мәмілелердің жиынтық көлемінің 63,3%, банктердің үлесіне – 0,1%-дан кем, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесіне – 12,2%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 3,5%, басқа заңды тұлғалардың үлесіне – 20,9% тиесілі болды. Бейрезиденттердің үлесі 3,6%-ды құрады.