Мұнай экспорттаушы Қазақстан кейбір жекелеген нарықтардан айырылып қалып жатыр - сарапшы

Сұлтановтың айтуынша, 2025 жылдың І-тоқсанында шикі мұнай экспорты көлемі бойынша 14%-ға, ал ақшалай 21%-ға немесе 8,6 млрд долларға дейін күрт қысқарған.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер департаменті ұсынған цифрларды алға тартқан маман, бұған жыл басында Қытай (-82%) мен Сингапурдың ( -74%) Қазақстан мұнайы тұтынысын күрт қысқартуы, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Үндістан, Ұлыбритания, Хорватия, Польша және Бруней секілді алты мемлекеттің мүлде қазақ мұнайынан бас тартуы себеп болғанын айтады.
Дегенмен Қазақстан мұнайы үшін 2025 жылы Мысыр мен Багам сынды жаңа нарықтарға жол ашылған. Ал Испания (+180%), Болгария (+207%) және Әзірбайжан (+125%) "қара алтын" тұтынысын күрт арттырған.
"Мұнай өндірісін арттырғанына қарамастан, экспортымыз әлі ақсап жатыр. Азия бағыты, тіпті есеңгіреп "хәл үстіндегі" күйде. Бұдан шығатын қорытыны бағалар, экспорт бағыттары, көлем – мұның барлығын геосаясат шешеді. Ол баға конъюнктурасына да, экспорт географиясына да тікелей ықпал етеді. Сондықтан Қазақстанға тек мұнайды өндірумен шектелмей, оны өңдеуде өзіндік кластер құру маңызды. Себебі толыққанды әрі түрлі өнімге толы нарық қана инвесторларға тартымды екені белгілі", - дейді Tengenomika Telegram арнасының авторы.
Бұған дейін "мұнай бағасының ауытқуы Қазақстандағы бензин құнына әсер ете ме" деген сауалға Энергетика министрінің берген жауабын жариялаған болатынбыз.