Қазақстанда доллар бағамы неге күрт өсті

Обмен валют, обмен валюты, обмен денег, обменный курс, валюта, разные валюты, обменник, обменники, обменный пункт, доллары, доллар, курс доллара, курс доллара к тенге, доллар и тенге, доллары и тенге, повышение курса доллара, повышение доллара, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.09.2025 14:23 Фото: Zakon.kz
Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге сыртқы қолайлы жағдайларға қарамастан, күтпеген жерден әлсіреп кетті. Қазіргі кезде жаһандық деңгейде доллар құнсызданып, рубль салыстырмалы түрде тұрақты болса да, USD/KZT бағамы сенімді түрде өсіп, психологиялық және техникалық шектеуден асып түсті.

Доллардың өсуіне қандай факторлар себеп болып отыр?

Кенеттен болған өсім және техникалық серпіліс

Соңғы бірнеше күнде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы айтарлықтай өсті.

  • 21 қыркүйекте доллар бағамы – 541,34 теңге,
  • 22 қыркүйекте – 542,67 теңге,
  • 23 қыркүйекте KASE-дегі орташа бағам – 545,01 теңге болды.

Бүгінгі таңда (24 қыркүйек) аралық банктер арасындағы саудада доллар шамамен 544,025 теңге деңгейінде саудаланса, Астанадағы айырбастау пунктерінде сату бағасы орта есеппен 547,43 теңгеге жетіп отыр.

Кеше KASE-дегі сауда көлемі азайғанымен, орташа көрсеткіштерден жоғары деңгейде сақталды. Бұл жағдай нарықтағы валютаға деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Экономист Эльдар Шамсутдиновтың пікірінше, доллардың өсуіне ірі сатып алушы себеп болуы мүмкін – ол екінші күн қатарынан долларды көп мөлшерде сатып алып жатыр. Оның айтуынша, теңгенің әлсіреуі — ішкі факторларға байланысты.

Теңгенің әлсіреуіне себеп – ішкі факторлар

Қаржы сарапшылары мен талдаушылар да бұл болжамды растап отыр. Қаржы саласының маманы Арсен Темірбаев доллар бағамының өсуіне ел ішіндегі саясат пен экономикалық жағдайға қатысты бірнеше негізгі факторлар себеп болып отырғанын айтты:

Ұлттық банктің интервенцияны азайтуы Ұлттық банк еркін айырбастау бағамын ұстанады және соңғы кездері валюта нарығына араласуын азайтқан сияқты. Бұл өз кезегінде нарықтағы теңге бағамының құбылмалы болуына жол ашып отыр. Яғни нарықтың өзі бағамды реттейтін деңгейге жетті.

Шетел валютасына деген нақты сұраныстың артуы Елде инвестициялық белсенділік күшейіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шетелден құрал-жабдық импорттауды қажет етеді. Бұл доллар мен басқа да шетел валюталарына нақты, шынайы сұраныс тудырып отыр.

Психологиялық факторлар Халық пен бизнес өкілдері арасында доллар бағамы әлі де өседі деген күтіс бар. Соның салдарынан олар активтерін доллармен сақтауға тырысуда. Бұл жағдай теңгеге деген қысымды одан әрі күшейтуде.

Курс тым жоғары көтерілмейді

Арсен Темірбаевтың айтуынша, теңге бағамының өсуіне қарамастан, курс тым жоғары шарықтамайды. Ол 545,5–547 теңге деңгейіне жеткеннен кейін түзетілуі (коррекция) мүмкін.

"Алайда егер курс 545,7 теңге деңгейінен жоғары тұрақтап қалса, келесі мақсат — 549–549,5 теңге деңгейі болуы мүмкін", — дейді Арсен Темірбаев.

Айта кетейік, JP Morgan талдаушылары да теңгенің әлсіреуін ішкі себептермен байланыстырады. Олар доллар жаһандық деңгейде әлсіреп, рубль тұрақты тұрғанда, теңгенің әлсіреп отырғаны нарықтағы ішкі теңгерімсіздіктерді көрсетеді деп есептейді. 544 теңге деңгейінде доллар сатушыларының пайда болуы бұл деңгейдің күшті қарсылық (сопротивление) деңгейі екенін көрсетсе де, осы меженің қайта-қайта "сынақтан" өтуі теңге нарығында құрылымдық проблемалардың бар екенін аңғартады.

Осылайша, теңгенің қазіргі әлсіреуі — кездейсоқ жағдай емес. Бұл құбылыс ішкі экономикалық және психологиялық факторлардың жиынтығынан туындап отыр. Теңге бағамының әлсіреуіне сыртқы экономикалық соққылар емес, керісінше Ұлттық банктің валюталық саясатының өзгеруі мен шетел валютасына деген нақты сұраныстың артуы себеп болуда.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: