Қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерту жасалды: жалған аккаунтты түпнұсқадан ажырату қиын

Хакеры, кибербезопасность, мошенничество, мошенники, защита данных, взлом данных, личные данные, персональные данные, защита персональных данных, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.11.2026 16:10 Фото: Zakon.kz
Қаржылық алаяқтар танымал сарапшылардың аккаунттарын нанымды етіп қолдан жасауды үйренген. Олар өзгенің атымен мыңдаған оқырман жинап, табысты инвестициялық жоба деген желеумен азаматтарға ақша салуды ұсынады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Осы аптада мұндай жағдайға қазақстандық екі танымал қаржыгер – сарапшылар Аман Алимбаев пен Тұрар Әбді тап болды. Алаяқтар әлеуетті инвесторларды тарту үшін олардың есімдерін, фотосуреттері мен беделін пайдаланған.

Бір әріп бүкіл жинағыңыздан айыруы мүмкін

Инвестициялық кеңесші Аман Әлімбаев Telegram желісінен өзінің шынайы профиліне айнымайтын жалған аккаунтты анықтаған. Алаяқтар оның есімін, фотосуретін, сипаттамасын, тіпті пайдаланушы атын да көшіріп алған.

Айырмашылықты байқау қиын болған: жалған аккаунттың никнеймінде латын әліпбиіндегі кіші "i" әрпі бас "I" әрпімен ауыстырылған. Қарапайым қарағанда бұл екі таңбаны шатастыру оңай.

Алаяқтар сарапшының атынан кепілді табыс әкелетін инвестициялық жобаларды ұсынып, пайдаланушылардан ақша алуға тырысқан.

Аман Әлімбаев оқырмандарына бірден ескерту жасады:

"Мен инвесторлардан ақша тартпаймын. Менің қызметім – тәуелсіз инвестициялық кеңес беру. Жеке шоттарыма ақша қабылдамаймын және сенімгерлік басқарумен айналыспаймын", – деді Аман Әлімбаев.

Сарапшы өзінің атынан жылдам әрі кепілді табыс табуды ұсынатын хабарламалардың алаяқтық екенін атап өтті.

Оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Пайдаланушылардың шағымынан кейін Telegram жалған аккаунтқа FAKE белгісін қойған. Алайда бұл алаяқтардың жаңа көшірмелер жасауына кедергі болмайды.

273 мың теңге салсаңыз, 1 миллион теңге аласыз

Қаржылық сарапшы Тұрар Әбді бұдан да ауқымды алаяқтық схеманы анықтаған. Алаяқтар Telegram желісінде жабық топ құрып, оның фотосуреттерін пайдаланған. Сондай-ақ шынайы сарапшының оқырмандары арасындағы әлеуетті инвесторларды топқа шақырған.

Әбдінің айтуынша, топтың танымал екенін көрсету үшін ұйымдастырушылар оған шамамен 20 мың бот қосқан.

Топта мұнай, алтын, опциондар мен бағалы қағаздар саудасына ақша салу туралы ұсыныстар жарияланған.

Ұсынылған шарттар мынадай болған:

273 мың теңге бастапқы жарна салғандарға 1 млн 92 мыңнан 1 млн 365 мың теңгеге дейін табыс уәде етілген;

546 мың теңге салғандарға 2 млн 184 мыңнан 2 млн 457 мың теңгеге дейін пайда түсетіні айтылған;

1 млн 92 мың теңге аударғандарға 4 млн 641 мыңнан 4 млн 914 мың теңгеге дейін табыс уәде етілген;

2 млн 730 мың теңге салған жағдайда болжамды пайда 10 млн 920 мыңнан 12 млн 12 мың теңгеге дейін жететіні көрсетілген.

Осылайша, алаяқтар бір ғана сауда операциясы үшін бастапқы салымнан бірнеше есе көп табыс уәде еткен.

Ұсынысқа сенімділік беру үшін тұтас бір қаржылық аңыз ойластырылған. Сауданы БАӘ-де тіркелген және Қазақстан Ұлттық банкінің брокерлік лицензиясы бар деген компания жүргізетіні айтылған.

Ұйымдастырушылар қандай да бір шығын болған жағдайда бастапқы депозитті 24 сағат ішінде толық қайтаруға уәде берген. Қызметтері үшін түскен табыстың 20 пайызын алмақ болған. Тіпті инвестор, брокер және делдал арасында үшжақты келісімшарт жасалатыны да көрсетілген. Ақшаны депозит түскен банк шотына қайта аударуға уәде еткен.

Бір сөзбен айтқанда, әрбір деталь инвестицияның заңды әрі қауіпсіз екеніне сендіруге бағытталған.

Сарапшы мұндай ұсыныстың экономикалық тұрғыдан қисынсыз екенін атап өтті:

"270 мың теңге салып, жайдан-жай миллион алатын жағдайды кім көрген? Алаяқтар әрдайым оңай әрі тез ақша тапқысы келетін адамдардың есебінен пайда табады", – деді Тұрар Әбді.

Әбді ешқашан инвестициялық жобаларға ақша тартпайтынын және қаражатты сенімгерлік басқаруға қабылдамайтынын баса айтты. Оның өзі де, командасы да пайдаланушыларға бірінші болып хабарласып, инвестициялық ұсыныс жасамайды.

Өзгенің есімі, жалған инвестиция және миллиардтаған шығын

Бұл екі жағдай – алаяқтардың өзгенің беделін пайдаланып, азаматтардан ақша тартуының алғашқы оқиғалары емес. Мұндай схемалар өкінішке қарай, тұрақты түрде қайталанып отырады. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) FinGramota жобасының өкілі Нұргүл Шабанова мәлімдеді.

Мәселен, 2025 жылғы тамызда алаяқтар қазақстандық танымал вайнердің атынан жалған Telegram арнасын ашқан. Оның атынан оқырмандарға криптовалютаға кемінде 100 доллар салып, ұтысқа ие болу ұсынылған. Бұған дейін алаяқтар дәл осы адамның қатысуымен дипфейк-бейнероликтер де пайдаланған. Блогер көпшілік алдында бұл ақпаратты жоққа шығарғанына қарамастан, оның есімі алаяқтық мақсатта қолданыла берген.

Тағы бір кең таралған тәсіл – қазақстандық танымал компанияларға инвестиция салуды ұсыну. Алаяқтар бастапқы 53 мың теңге салымды небәрі төрт аптада 890 мың теңгеге дейін жеткізуге уәде берген. Жарнамалардың сенімді көрінуі үшін өздерін табыс тапқан инвесторлар ретінде көрсететін жалған пікірлер де жарияланған.

Ақшаңызды сақтауға көмектесетін жеті ереже

- Аккаунттың фотосуретін емес, мекенжайын тексеріңіз. Алаяқтар профильдің сыртқы көрінісін толығымен көшіре алады. Пайдаланушы атын маманның ресми сайтында немесе тексерілген арнасында жарияланған мекенжаймен салыстырыңыз. Тіпті бір әріптің өзгеше болуына да назар аударыңыз.

- Жеке хабарлама арқылы түскен ұсыныстарға ақша аудармаңыз. Егер танымал қаржы сарапшысы күтпеген жерден сізге инвестициялық жоба ұсынса, ақпаратты оның ресми арнасы арқылы тексеріңіз. Хабарлама жіберушінің өзі ұсынған байланыс деректерін пайдаланбаңыз.

- Аса жоғары әрі кепілді табысқа сенбеңіз. Бір ғана мәміле арқылы капиталды бірнеше есе арттыруға уәде беру – алаяқтықтың айқын белгісі. Әсіресе тәуекел мүлде жоқ деп сендірсе, сақ болыңыз.

- Лицензияларды өзіңіз тексеріңіз. Шетелдік компанияның атауы мен Ұлттық банктің рұқсаты бар деген мәлімдеме ештеңені дәлелдемейді. Ұйымның заңды атауын анықтап, тиісті қызмет көрсетуге құқығы бар-жоғын қаржы реттеушілерінің ресми тізілімдерінен тексеріңіз.

- Жазылушылар саны мен пікірлерге сенбеңіз. Telegram топтарындағы қатысушылар санын қолдан көбейтуге болады. Ал табысты инвестициялар туралы әңгімелер мен банк аударымдарының скриншоттарын қолдан жасау қиын емес. Тіпті ондаған мың жазылушының болуы да топтың шынайылығына кепілдік бермейді.

- Бейтаныс топтарға қосылуды шектеңіз. Telegram қосымшасында "Баптаулар" – "Құпиялылық" – "Топтар мен арналар" бөліміне өтіңіз. "Мені кім қоса алады?" деген бөлімнен "Менің контактілерім" тармағын таңдаңыз. Ерекшеліктерді тексеріп, сізді топтарға шақыруға рұқсаты бар бейтаныс аккаунттарды алып тастаңыз.

- Жалған аккаунттарға шағымданыңыз. Егер сізді күмәнді топқа қосса, сілтемелерге өтпеңіз және ақша аудармаңыз. Спам немесе алаяқтық туралы шағым жіберіп, кейін топтан шығыңыз. Егер ақша аударып қойсаңыз, дереу банкке және полицияға хабарласыңыз.

Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында байланыс деректері, ашық деректер мен тізілімдерге сілтемелер жарияланған. Онда лицензиясы бар банктердің, брокерлердің, микроқаржы ұйымдарының, сақтандыру компанияларының және қаржы нарығының басқа да қатысушыларының тізімін тексеруге болады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: