Жаңалықтар тізбегі
0

Балаға қандай есім қоюға болмайды?

islam.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.08.2018 22:45 islam.kz
Алланың 99 көркем есімін сол қалпында да балаға қоюға дініміз тыйым салады.

Адамның есімі оның тағдырына тікелей әсер етеді деген сенім бар. Сәбиге ат таңдағанда нені ескеру керек? Мұсылмандарға қоюға тыйым салынған есімдерді білесіз бе?

Дәстүрлі дінімізде сәбиге бірқатар есімдерді қоюға тыйым салынған. Атап айтатын болсақ, араб тілінде «құл» деген мағынаны білдіретін «абдун» сөзін Алланың есімі мен сипаттарынан басқа атауларға тіркеуге болмайды. Мысалы, Абдулузза – «Уззаның құлы» деген мағынаны береді (Узза Исламнан бұрын табынатын пұттың аты болған), Абдулқағба – «Қағбаның құлы».

Сонымен бірге Алланың 99 көркем есімін сол қалпында да балаға қоюға дініміз тыйым салады. Мысалы, Алла, Рахман, Рахим және тағы да басқаларын.

Бас мүфти бұл тізімге тек Аллаға ғана тән сипаттарды білдіретін сөздерді де кіргізеді. Мәселен, «Патшалардың патшасы», «Әкімдердің әкімі», «Сұлтандардың сұлтаны» деген мағыналарды білдіретін есімдерді қоюға болмайды.

Жын-шайтандардың, кәпірлердің, дінсіздердің көсемдері мен тағы да басқа халық арасында жаман жағынан танылған кісілердің аттарын қою да мұсылман баласы үшін дұрыс емес. Ібіліс, Ифрит, Перғауын, Һаман, Жалұт, Әжүж, Мәжүж, Хосрау, Цезарь, Ленин, Сталин, Энгельс, Маркс, Тельман, Дарвин, Коммуна, Партия деген есімдер осы санатқа кіреді.

Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың алдында есімдердің ең нашары – «Патшалардың патшасы», – деген.

Жағымсыз лақап ат беруден сақ болу

Кісіге лақап ат беруден гөрі өз есімімен атаған жөн. Лақап деп адамның кәсібіне, түр-тұлғасына, қадір-қасиетіне, сипатына қарай қойылатын атты айтамыз. Мысалы, етікші Асан, Қосмүйізді Ескендір, Ақсақ Темір, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек би, Жаяу Мұса т.б. Лақап аттың да жақсы не жаман сипаттары бар. Құран Кәрімде мұсылмандардың бір-біріне жаман лақап аттар қоюына тыйым салынған.

«Және жаман лақап аттармен атамаңдар. Иман келтіргеннен кейінгі сұмпайы ат қандай жаман? Ал, кім одан тәубе етпесе, міне, солар нағыз залымдар» («Хужурат» сүресі, 11-аят).

Ғалымдар егер бір кісінің өз есімі адамдардың арасында ұмытылып, жағымсыз мағынадағы лақап атымен ғана белгілі болса, оны қолдануға болады деп санаған. Ал, араб халқының есімге қатысты дәстүрінде «куния» деп аталатын сөз бар. Куния дегеніміз әкесін баласының атымен байланыстырып атауы. Мысалы, Әбу Абдулла – Абдулланың әкесі, Умму Ахмет – Ахметтің анасы.

Кейде лақап мағынасын да білдіреді. Мысалы, атақты сахабаның лақабы Әбу һурайра – «Мысықтардың әкесі, иесі», Әбу Туффах – «Алманың атасы» – «алма сатушы» не «бағбан» деген мағынаны білдіреді. Алайда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне тән куниясын, яғни Әбул Қасым – Қасымның әкесі деген кунияны қолдануға тыйым салған. Хадисте: Әнестен (р.а.) жеткен риуаятта бір кісі әл-Бақида (Мәдинадағы қорымның аты) басқа бір кісіні: «Уа, Әбулқасым! (Қасымның әкесі!)» – деп шақырады. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған бұрылып қарайды. Әлгі кісі: «Уа, Расулалла! Сізді айтып тұрғаным жоқ, ана пәленге айттым»,– дейді. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің атыммен адамдарды атай беріңдер, алайда кунияммен атамаңдар», – дейді (Мүслім риуаяты).

Дегенмен, бұл мәселеге қатысты көптеген ғұламалардың пікірі бойынша Пайғамбардың (с.а.у) куниясына, яғни Әбулқасым деген есімге өзінің тірі кезінде ғана тыйым салған, ал ол өмірден өткеннен соң пайдалануда тұрған күнә жоқ дегенге тоқтаған.

Сонымен қатар «Мәнсуб» есімдер де бар. Мәнсуб дегеніміз туған жеріне немесе ру-тайпаға қатыстылығына байланысты қойылатын есімдер. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фараби – «Фарабтық Әбу Насыр», Абдулла әт-Туркистани – «Түркістандық Абдулла», Асан ат-Тарази – «Тараздық Асан» т.б. Мұндай аттар, оның ішінде ру-тайпаға қатыстысты қазақтарда көп кездесетін болған. Мысалы, Үйсін Төле би, Қаракерей Қабанбай, Балқы Базар, Шапырашты Наурызбай т.б. секілді.

Дереккөз: islam.kz

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: