Жаңалықтар тізбегі
0

Сәтсіздіктерге қалай төтеп беру керек

Сәтсіздік, психолог кеңесі, психология, депрессия, стресс, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.11.2023 14:53 Сурет: pixabay
Алматы қалалық перинаталдық орталығының психологы Гүлнара Досжанова өмірдегі сәтсіздіктерге философиялық тұрғыдан қарауды және олардың жағымды жақтарын көруді қалай үйренуге болатынын айтып берді.

Өмірде сәтсіздіктерге тап болмайтын адам жоқ. Кейде адамдар жолы болмағаннан емес, сол сәтсіздіктен кейін өзін-өзі жегідей жеп, сары уайымға салынудан қиналады.

Түңілу, өкініш, реніш, ыза, ашу – бұл адамның табиғи сезімдері, оларда жаман немесе ұят ештеңе жоқ. Сәтсіздікке ұшыраудан да ұялудың қажеті жоқ, өйткені барлық адам қателеседі. Ең бастысы – өміре жамандық пен жақсылықтың, сәттілік пен сәтсіздіктің қатар жүретінін ұғыну, қабылдау.

"Сәтсіздікке ұшырау қорқынышы адамдардың көпшілігін мазалайды. Соңғы зерттеулерге сәйкес, ерлер мен әйелдердің шамамен 50%-ы барлық жаңа нәрселерден және өмірдегі өзгерістерден қорқады. Бірақ қателесуде тұрған ештеңе жоқ. Мысалы, бала жүріп үйренбес бұрын қанша рет құлайды? Сол секілді кез келген тәжірибе көтерілу мен құлдыраудан тұрады", – дейді Гүлнара Досжанова.

Сәтсіздікті әркім әртүрлі қабылдайды, бірақ көптеген адамдарда мұндай жағдайлар ашыну мен түңілу, ауырсыну мен ашулануға дейінгі түрлі сезімдер тудырады.

"Ұзақ уақыт бойы бұл эмоциялармен қалып қою өте қауіпті, өйткені, уақыт өте келе ол психологиялық тұрғыда өзін-өзі кем сезінуге апаруы мүмкін. Мұндай адамдар әрқашан жақсы жұмыстан, жаңа адамдармен танысудан бас тартады, осылайша көптеген мүмкіндіктерден айырылады. Олар белсенділікті немесе жаңаша мінез-құлықты қажет ететін кез келген әрекет пен қарым-қатынастан аулақ болады", – дейді маман.

Нейробиологтар күйзелістің мида ұзақ мерзімді өзгерістер тудыратынын дәлелдеді. Ақ және сұр заттар арасындағы тепе-теңдік бұзылады, гиппокампта – эмоцияларға, оқуға және есте сақтауға жауап беретін мидың бөлігінде нейрондар өледі. Сондай-ақ кортизол өндірісі де артады, бұл өз кезегінде денсаулыққа кері әсер етеді.

"Оның салдары қиын, ағзада зат алмасудың бұзылуынан бастап ауыр ауруларға дейін жеткізуі мүмкін. Адам үнемі күйзелісте жүреді, оның соңы алкоголизмге әкелуі ықтимал. Алайда, егер болған сәтсіздікке орай өзіңізді жегідей жемесеңіз, онда бұл жағдайдың арқасында ақылдырақ, тиімдірек және эмоционалды күшті бола аласыз", – дейді Досжанова.

Психолог өткерген қиындығыңыз жайлы ойлай бермеу үшін бұл мәселемен бөлісуді ұсынады. Яғни, оны тыңдай алатын және шынымен қолдай алатын адамдармен егжей-тегжейлі талқылауға кеңес береді.

"Жақын адамдар қорқынышты жеңуге, уайымды еңсеруге, өзіңізге сенімді болуға және мақсатқа жету жолын көруге көмектесе алады. Жақындарыңызбен, бәлкім сіздің мәселеңізде тәжірибесі бар адамдармен әңгімелесіңіз", – дейді психолог.

Сәтсіздікке ұшыраған жағдайда күйзелістен шығуға көмектесетін бірнеше әдісті назарларыңызға ұсынамыз:

  • Маманға жүгініңіз. Мысалы, психотерапевт жақсы тыңдаушы және кеңесші бола алады. Ол өзіңізге деген сенімділікті қайтаруға және жаңа жеңістер жолында алғашқы қадамдар жасауға көмектеседі.
  • Физикалық жүктеме. Белсенді, күштік немесе кардио жүктеме жағымсыз эмоцияларды шығаруға көмектеседі. Спорт кортизолды шығаруға көмектеседі және бақыт гормондарының түзілуіне ықпал етеді.
  • Күйзеліске қарсы әдістер. Йога, арома немесе арт-терапиямен айналысыңыз, массаж курсынан өтіңіз. Бұл әрекеттер демалуға және назарыңызды басқа жаққа аударуға көмектеседі.
  • Арнайы әдебиеттерді оқу. Жетістікке жеткен адамдардың бастан өткерген қиындықтары туралы әңгімелер өте пайдалы болуы мүмкін. Олар үміт сыйлап, аяққа тұруға көмектеседі.

Адамның психологиясы мен мінезі балалық шақта қалыптасатыны белгілі. Ата-ананың баланың жетістіктері мен жеңілістеріне деген көзқарасы оның ересек өмірде сәтсіздіктерге төтеп беру мүмкіндігіне ықпал етеді. Көбінесе сәтсіздіктен қорқу әдеті жиі ұрыс естіп, сынға ұшыраған, қателік жібергені үшін жазаланған және үнемі басқа құрдастарымен салыстырылған балаларда қалыптасады.

"Бала үшін отбасы өзін қауіпсіз сезінетін, кез келген қателігін түсініп, қабылдайтын, сәтсіздіктерден қорықпай өмір сүре алатын "жаттығу базасы" сияқты болуы маңызды", – деп түсіндірді Досжанова.

Сәтсіздік адамның еңсесін түсіріп, кеудеге сенімсіздік ұялатуы мүмкін. Бірақ, кез келген мақсатқа жету үшін соққыға төтеп беру керек. Қалыптасқан жағдайға әсер ете алмайтыныңызды түсініп, қалай бар, солай қабылдауды үйреніңіз. Өзгерте алмайтын нәрсеңізге күш жұмсамаңыз.

"Қашан да кемшілікті жетістікке айналдырыңыз. Мәселен, ауырып, үйде жалғыз қалсаңыз, сүйікті кітабыңызды оқуға уақыт бар. Жұмыстан шығарып жіберсе – көптен бері қолыңыз тимей жүрген дүниелермен айналысыңыз немесе хоббиді жұмысқа айналдырыңыз. Кейде алғашында бір нәрсе бізге сәтсіздік болып көрінеді, ал кейіннен сол оқиғаның болғанына қуанып жатамыз", – дейді психолог.

Ұлыбританияның әйгілі премьер-министрі Уинстон Черчилль: "Жетістік – бұл бір сәтсіздіктен екіншісіне ынта-жігерді жоғалтпай қозғала білу қабілеті", деген. Сондықтан сәтсіздікке деген жағымды көзқарас қалыптастырып, оны жаңа серпіліс үшін трамплин ретінде пайдалану қажет. Мұндай әдет адамның дамуына ықпал етіп, оны арманына жақындата түседі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: