Тоқаевтың тапсырмасы: Қазақстанда жаңа институт құрылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының негізінде "Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты" ЖШС құрылды. Айта кетейік, мекеме "Ұлттық ғылыми-білім беру орталығы" құрамында. Бұл туралы 19 қарашада Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.
"Жаңа құрылған институттың жұмысы – асыл тұқымды жылқылардың сапасын жақсартуға, жылқы шаруашылығын белсенді дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және отандық тұқымды сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған. Алдағы бес жылда асыл тұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыру көзделіп отыр",- деп мәлімдеді ведомство.
Жергілікті қостанай, адай және соғымға арналған мұғалжар, жәбе, күшім генотиптерін көбейту үшін селлекциялық және асылдандыру бағытында жұмыстар белсенді жүргізілмек.
"Ол үшін жылқылардың әртүрлі генетикалық топтары туралы ақпаратты сақтайтын деректер қорын және ұрықтар мен эмбриондар банкі құрылмақ. Сондай-ақ, биелерді қолдан ұрықтандыру зертханалық пунктін салып, арнайы жылқы өсіруші мамандарын дайындау жоспарланып отыр. Арнайы жылқы ветеринарлық клиникасын ашу арқылы ветеринариялық қызмет көрсету деңгейінің сапасы жақсарады", — дейді мамандар.
2035 жылға дейін жылқы шаруашылығында ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының бірі отандық популяциядағы жылқылардың генетикалық әлеуетін селекциялық, технологиялық әдістермен арттырып, Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің тауар шаруашылықтарына кеңінен енгізу. Мұның бәрі өсірілетін тұқымдардың өнімділігінің 20-25%-ға өсуін қамтамасыз етеді.
Белгіленген жоспарларды іске асырудың негізгі шарттарының бірі шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарымен, университеттермен және халықаралық стандартқа сай зертханаларымен бірлесе жұмыс істеу.
"Бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру және шетелдік әріптестермен ақпарат алмасу арқылы еліміздің жылқы шаруашылығына озық тәжірибелерді енгізуге және оны халықаралық аренада бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік бар",- деп мәлімдеді министрлік.
Бұған дейін Тоқаев 15 қарашада Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында "Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы" екенін айта келіп, Қазақстанда Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырғаны хабарланған болатын.