Жаңалықтар тізбегі
0

"Вакциналау – ауруды тоқтатудың жалғыз жолы": қызылшадан басқа қандай эпидемия қаупі бар

«Вакциналау – ауруды тоқтатудың жалғыз жолы»: қызылшадан басқа қандай эпидемия қаупі бар?, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.12.2023 13:28 Сурет: Zakon.kz
Қазақстанда қызылшаның 20 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Ауруға шалдыққан балалардың 83%-ы екпе алмаған.

Денсаулық сақтау министрлігі дүрбелеңге салынбауға кеңес береді. Десе де, қазақстандықтар өздерін және балаларын аурудан қорғау үшін не істеуі керек? Осы сұрақпен белгілі қазақстандық отбасылық дәрігерлер Александр мен Ирина Шинкаренкоға жүгіндік.

– Статистикаға сәйкес, қызылшаның өршуіне көптеген ата-аналардың балаларына екпе салмауы себеп болды. Бұл туралы не ойлайсыздар?

Александр Данилович: Бұл, әрине, ХХІ ғасыр үшін апатты жағдай. Мен университетте оқып жүрген кезімде қызылша іс жүзінде жойылған еді. Бірақ тоқсаныншы жылдары медициналық дәрігер Эндрю Уэйкфилд өзінің ғылыми мақаласында ҚҚП вакцинасы (қызылша, қызамық, паротит) аутизмге әкеледі деген болжам жасады. Оның тұжырымдары кейіннен жоққа шығарылғанымен, адамдар бәрібір вакцинадан бас тарта бастады. Осылайша, біз осы эпидемияға тап болдық.

Адамдар көбіне ақпараттың жетіспеуі себебінен вакциналаудан бас тартып жатады. Олар екпенің ықтимал зияны аурудың зиянынан да ауыр деп қателеседі. Бұл жерде дәрігерлердің де кінәсі бар, кейде екпе егудің артықшылықтарын ата-аналарға дұрыс жеткізуге білімдері жетпей жатады. Сондай-ақ балаларға қойылатын вакциналауға қарсы көрсеткіштер де көбіне қате болады. Негізі заң бойынша невропатологтар, дерматологтар, хирургтар, аллергологтар медициналық қарсы көрсеткіштер беруге мүлдем құқылы емес.

Сонымен қатар, эпидемия басталғалы бері елде вакцинациялау бойынша статистиканың көтермеленгенін өз көзімізбен көрдік. Мәселен, балалардың 90%-дан астамының вакциналанғаны көрсетіледі. Алайда, біздің шағын клиникаға күн сайын кем дегенде 40 адам келеді – бұл белгіленген мерзімде вакциналанбаған балалар. Екпе алмаған балалардың саны өте көп.

Ирина Анатольевна: 1960 жылдары вакцина пайда болғанға дейін қызылшадан болатын өлім-жітім көрсеткіші орасан зор еді. Вакцина пайда болғаннан кейін ауруға шалдығу мен өлім-жетім айтарлықтай төмендеді. Тіпті, бір жылдары Америка мен Канадада қызылша мүлдем жоқ деп есептелді. Кейін аурудың бірнеше сырттан кірген жағдайлары орын алып, індет қайтып келді.

– Эпидемия жағдайында вакцинация жүргізуге бола ма?

Ирина Анатольевна: Иә, бұл аурудың өршуін тоқтатудың жалғыз жолы – әлі жұқтырмаған адамдарды тез вакцинациялау. Қазір елде қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Сондықтан вакцинация жасалатын жас ауқымы кеңейтілді.

Вакцинациялаудың қалыпты кестесі: 12 айда және 6 жаста. Көбінесе бірінші вакцинадан кейін белгілі бір дәрежеде иммунитет дамиды. Бірақ мұндай әсер алмайтын балалар да бар. Сондықтан бірінші вакцинадан кейін екіншісі міндетті түрде жасалады. Ол кезде антиденелер 98% жағдайда шығады.

Қазір осы екі вакцинадан бөлек, қосымша 6 айдан 11 айға дейінгі балаларға екпе салынуда. Содан кейін олар 12 айында қайтадан вакцина алады. Егер қазір 2 жастан 5 жасқа дейінгі бала 12 айында вакцина алған болса, оған тағы бір қосымша вакцина қажет. Батыста екінші вакцина 4 жастан 6 жасқа дейін беріледі. Бала 6 жасқа толғанда, ол үшінші, жоспарлы вакцинаны алуы керек.

– Ересектерге екпе алу қажет пе?

Александр Данилович: Егер ересек адам бала кезінде екпе алмаса, иә, міндетті түрде қазір алуы керек. Егер ол науқастармен үнемі байланыста болса, онда вакцинация қажет. Бұл медицина қызметкерлері мен қызылшаның "ошақтарында" жүргендерге, балабақша тәрбиешілері мен мұғалімдерге аса қажет. Ал егер науқастармен байланыста болмаса және бала кезінде екпе алған болса, онда оған вакцина салудың қажеті жоқ. Алайда, егер өзі қалап тұрса, оның зияны жоқ.

– Қызылшаның салдары қандай болуы мүмкін?

Ирина Анатольевна: Кішкентай балаларда да, ересектерде де қызылша ауыр өтеді. Ауру кезінде адам өзін өте нашар сезінуінен бөлек, қызылша есту, көру мүшелерінде асқынулар тудырады. Вирус біздің барлық қорғаныс механизмдерімізді әлсіретеді, бұл қайталама бактериялық инфекцияға әкелуі мүмкін. Ал кейбір жағдайларда иммунитет жойылады. Мәселен, балалар тұмауратып ауырғанда, оларда суыққа қарсы иммунитет дамиды, ал қызылшаның әсерінен мұның бәрі толық жойылуы мүмкін.

Аурудың ең қорқынышты асқынулары – неврологиялық: менингит, энцефалит, склерозды паненцефалит, ол қызылшадан бірнеше жыл өткен соң пайда болуы мүмкін. Бала неғұрлым жас болса, бұл жағдайдың даму ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Сондай-ақ, қызылшаның өлімге жеткізу мүмкіндігі де белгілі.

– Қазақстанда басқа да аурулардың өршу қаупі бар ма?

Александр Данилович: Өкінішке орай, көкжөтел, дифтерия, полиомиелит аурулары оралуы мүмкін. Көкжөтел – бұл жүз күндік жөтел тудыратын бактериялық ауру. Яғни, адам 3 ай бойы тоқтамай жөтеледі. Негізінен, көкжөтелді бір жасқа дейінгі балалар ауыр өткереді, реанимацияға түседі. Жөтел өте қатты, бала дұрыс дем ала алмайды.

Мен институтта көкжөтелді кездестірген жоқпын, тек ол туралы оқығанмын. Бірақ осы күзде көкжөтелдің келгенін байқап отырмыз. Менің бірнеше ай бойы азап шегіп, құсуға дейін жөтеліп жүрген ересек пациентім бар. Егер ауру басталғаннан кейін 3 апта ішінде дұрыс ем тағайындалмаса, токсин ағзада қалады, сөйтіп 3 ай бойы шыдауға тура келеді.

АКДС вакцинасы көкжөтелден, дифтериядан және сіреспеден қорғайды. Көбісі одан бас тарта бастады. Балаларға 5 АКДС вакцинасын алу керек, ал ересектер оны әр 10 жыл сайын қабылдауы керек. Батыста аяғы ауыр әйелдер 28-ші аптада АКДС вакцинасын алады, соның арқасында анасы да жұқтырмайды және туылғаннан кейін 2 айға дейін оның баласы пассивті антиденелермен қорғалады.

Біз полиомиелит ауруының оралуынан қорқамыз. Құдайға шүкір, дифтерияны көріп жатқан жоқпыз. Рузвельт 1921 жылы полиомиелитпен ауырып, содан кейін мүгедектер арбасына таңылды. Егер адамдар вакцинациядан бас тартуларын жалғастыра берсе, бұл ауыр індеттер қайта оралуы мүмкін.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: