Бұны біз, қаламгерлер қауымы, қатаң айыптаймыз – жазушы Думан Рамазан
Жазушы мемлекеттік хатшыға жолданған хатында бейбіт шеруге шыққан, бірақ ешқандай жазығы жоқ жандардың жазықсыз жазаланып жатқанын айтып, мұны қаламгерлер қауымы қатаң айыптайтынын мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасынан «шаш ал десе, бас алатындар» көптеп шығып жатыр. Бейбіт шеруге шыққан, бірақ ешқандай жазығы жоқ жандар жазықсыз жазаланып, түрмелерге тоғытылып жатыр. Қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Мәселен, Көкшетау қаласында ешқандай қылмыстар жасалынған жоқ, ештеңе бүлінген жоқ. Тек конституциялық құқын талап етіп, көшеге шыққан жазықсыз жандарды топырлатып қамап, жазалап жатыр. Бұны біз, қаламгерлер қауымы қатаң айыптаймыз. Жазушы Думан Рамазан
Думан Рамазан жазғандай, Көкшетау қаласында еліміздегі келеңсіздіктерді айтып, бейбіт түрде көшеге шыққан адамдардың арасында Алмас Темірбай мен Қуаныш Оспан сынды қос қаламгер бар. Екеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жазған Думан Рамазан мемлекеттік хатшыдан оларға арашу түсуді сұрады.
Қуаныш Оспанды он күн абақтыға жатқызып, енді шығарыпты. Істеп жүрген лауазымды қызметінен айырыпты. Тым құрмаса, ескертулер берілмеуші ме еді?! Сондықтан Қуаныш бауырымызды өзінің заңды қызметіне қайта қойып қана қоймай, оған абақтыда жатқан күндері үшін өтемақы берілуін талап етеміз. Ал Алмас Темірбайдың үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Қудаланып жатқан көрінеді. Сізден осы екі талантты ақынға араша түсуіңізді сұраймыз.Жазушы Думан Рамазан
Думан Рамазан "Қуаныш Оспан қызметіне қайта келіп, оған тағылған барлық айыптар алынып тасталсын. Ал Алмас Темірбайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс дереу қысқартылсын" деген талап-тілегін білдірді.
...олар қылмыскерлер емес. Егер қылмыс жасаса, дүкен тонаса, кісі өлтірсе, ешкім де оларға араша түсе алмасы анық. Ал елдегі келеңсіз жағдайларға байланысты өздерінің азаматтық ойларын ашық айтқаны үшін ақындарды қылмыстық жауапкершілікке тарту – барып тұрған бассыздық. Өйткені, ақындар өзінің емес, халықтың сөзін айтты, барша қазақтың талап-тілегін жеткізді. Жүректері "елім, жерім, халқым" деп соққан өр таланттарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға бола ма? Халықтың сөзін айтқаны үшін ақындарын соттаған соттар ғана емес, осыған жол беріп қойған билік өкілдері де тарихта жақсы атпен қалмайтынын өзіңіз де жақсы білесіз!Жазушы Думан Рамазан
Думан Рамазан істің оңынан шешілуін қаламгерлер қауымы атынан мемлекеттік хатшыға аманаттайтынын жеткізді.