Еңбекмин зейнетке шығуына аз қалған адамдарды жұмысқа орналастыру жағынан қолдайды
Бастаманы іске асыру 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүргізіледі. Жыл сайын жоба 5 мың адамды қамтиды деп жоспарланып отыр. Қазір «Күміс жас» жобасын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актіні (бұдан әрі – НҚА) әзірлеу бойынша жұмыс жүріп жатыр.
НҚА-да жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қойылатын бірқатар талаптар көзделеді. Осылайша жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан және тұрақты салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды төлейтін, сонымен бірге жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады.
«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан және бос жұмыс орындарынан тыс құрылатын болады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиян және қауіпті жұмыстарда және біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын мамандықтар/кәсіптер бойынша құрыла алмайды.
«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды және қатысу кезеңінде халықты жұмыспен қамту орталығы зейнет жасы алдындағы адамдар жалақысының бір бөлігін бюджет қаражаты есебінен субсидиялайды.
Жалақыға берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің 50%-ын құрайды. Бірақ экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, 30 АЕК-тен аспайды.
Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жас алдындағы адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады.